Бүгін Шымкент қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаевтың «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітабының мазмұны мен маңызын талқылауға арналған кездесу өтті. Тағылымды басқосуға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғылыми орта өкілдері қатысты.
Кездесуге Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев те қатысты. Жиында кітаптың мазмұны, еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың мәні, ұлттық жаңғыру үдерісі мен Қазақстанның болашақ даму бағдарлары сөз болды. Қатысушылар еңбектің қоғамдағы өзгерістерді тарихи сабақтастық пен стратегиялық даму тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кітапқа қатысты тарихшы, доцент, ректор кеңесшісі Гүлжан Сүгірбаева реформалардың мәнін түсіну бүгінгі өзгерістердің себептері мен салдарын саралап, елдің келешегіне жауапкершілікпен қарауға жол ашатынын айтады. Оның пайымдауынша, еңбектің басты құндылығы – реформаларды жекелеген бастамалар жиынтығы ретінде емес, мемлекетті жаңғыртуға бағытталған өзара сабақтас өзгерістер жүйесі ретінде қарастыруында.
Сондай-ақ белгілі әдебиеттанушы, ғалым Құлбек Ергөбек те кітап жөнінде өз пікірін білдірді. Талқылау барысында еңбектің қоғамдық маңызы, ұлттық даму мәселелерін пайымдаудағы орны және оқырманға ой салатын тұстары назарға алынды.
Кездесу ел дамуының басым бағыттарын кеңінен талқылауға, тарихи тәжірибе мен бүгінгі қоғамдық үдерістердің сабақтастығын пайымдауға мүмкіндік берді. Мұндай басқосу қоғамдық ойдың дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және Қазақстанның болашағы жөніндегі ортақ көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.
