Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
АймақБасты ақпаратМәдениетСаясат

ЕЛОРДАДА PGL ASTANA 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮРІЛДІ

Астанадағы Barys Arena спорт кешенінде әлемдік киберспорт қауымдастығы асыға күткен PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталды. Counter-Strike 2 ойыны бойынша ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға әлемнің ең мықты 16 командасы қатысып, өзара бақ сынауда.

Халықаралық турнирді PGL Esports SRL ұйымдастыруда. Жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайтын жарыс әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер мен киберспорт сарапшыларының назарын Астанаға аударды. Турнирге қатысушылар қатарында Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic секілді халықаралық аренада жоғары нәтижелерімен танылған командалар бар.

Айтулы іс-шараға арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports құрамында өнер көрсететін қазақстандық ойыншы Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks және әлем чемпионы Габриель Толедо бар.

PGL Astana 2026 турнирі Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Бұл халықаралық жарыстың елдің туристік әлеуетін арттырудағы және Астананың әлемдік деңгейдегі іс-шараларды қабылдайтын орталық ретіндегі беделін нығайтудағы маңызын көрсетеді.

Мамандардың айтуынша, киберспорт индустриясы бүгінде әлемдік аудиторияны қамтитын ірі мәдени-спорттық құбылысқа айналған. Осы орайда Қазақстанда осындай халықаралық турнирлердің ұйымдастырылуы елорданың инвестициялық және туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жастар арасында цифрлық мәдениет пен жаңа технологияларға қызығушылықты дамытуға ықпал етеді.

Сондай-ақ турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық киберспорт картасындағы орнын күшейтіп, Астананың Орталық Азиядағы ірі киберспорт орталықтарының біріне айналып келе жатқанын айқындай түседі.

Ұқсас жаңалықтар

Елімізге қомақты инвестиция тарту керек.

admin

«Құқық қорғау органдарына сенім – тұрақтылықтың бастауы»

admin

ОТЫРАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ АҚҚҰМ АУЫЛЫНДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

admin

Пікір жазу