Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ФОРУМ ӨТІП, ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

 

Түркістан облысы Сауран ауданы «Sauran» шағын өндірістік паркіндегі Көрме орталығында Қазақстан кәсіпкерлері күніне орай кәсіпкерлер форумы өтті. Басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, еліміздің 10-нан астам өңірінен келген делегация, жергілікті кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері қатысты. Басқосуда облыстың экономикалық әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, өндірісті өркендету және инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Форумда алғысөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерді төл мерекесімен құттықтап, өңірде саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, облыс әкімі кәсіпкерлік саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір экономикасының дамуына және отандық өндірістің өркендеуіне үлес қосып жүрген үздік кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды марапаттады.

– Баршаңызды кәсіпкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – ел экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қауымына көрсетілген жоғары құрметтің белгісі. Кәсіпкерлік – іскерлік пен табандылықтың, еңбек пен жауапкершіліктің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кешегі Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, отандық бизнесті қорғау және кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөлін арттыру және өнім өндірушілерді қолдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бизнеске заңсыз кедергі келтірмеу және кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау маңызды міндет екенін айтты. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілуде. Біздің міндетіміз – осы мемлекеттік қолдаудың нәтижесін елге нақты іспен көрсету. Ол үшін өңір экономикасын өсіріп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу керек. Сіздердің бастамаларыңыз жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Бұл ретте, кәсіпкерлікті дамытуда Түркістан облысының мүмкіндігі мол. Халқы – еңбекқор, азаматтары – іскер. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің басым бөлігі – осында. Біз кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымы дайын өндірістік алаңшаларды қалыптастырдық. Бұл алаңдардың негізгі мақсаты – импортты алмастырып, жергілікті өнім өндіру, өңір экономикасын нығайту. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдау аясында соңғы 2 жылда жеңілдетілген несиелендіру көлемі 63 млрд теңгеге жетті. Мұның барлығы Түркістан облысының отандық өнім өндірудегі үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сіздер – өңір экономикасының дамуына серпін беріп, елдің әлеуетін арттырып жүрген іскер азаматсыздар. Біз кәсіпкерлердің әрбір бастамаларын қолдауға дайынбыз. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Билік пен бизнестің бірлігі – ортақ табыстың кепілі. Бастаған істеріңіз берекелі, жаңа жобаларыңыз сәтті болсын, – деді облыс әкімі.

Кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға 26 номинация бойынша марапат табысталды. Атап айтқанда, «Жыл кәсіпорны» номинациясымен кәсіпкерлік пен экономиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Nurym Group» ЖШС марапатталды. «Жыл серпілісі» номинациясы бизнес қарқынын арттырып, қызмет аясын кеңейтіп, маңызды нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Jasyl Suyq Qazaqstan» ЖШС-на табысталды. «Өңірді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына «Түркістан тоқыма» ЖШС лайық деп танылды. «Жыл инвесторы» номинациясымен жаңа жобаларды дамытуға және инвестиция тартуға үлес қосқаны үшін «Beibars Bottlers» ЖШС марапатталды. Сонымен қатар «Үздік өндіруші» номинациясымен «Бөрте милка» ЖШС, «Жыл агрокәсіпорны» номинациясымен «Қарқын-2030» ЖШС, «Жасыл бизнес» номинациясымен «Er-Qan Group» ЖШС, «Дәстүр шебері» номинациясымен «Алмагүл шебер» ЖК, «Халық денсаулығына қосқан үлесі үшін» номинациясымен «Талғат клиникасы» ЖШС, «Үздік отбасылық бизнес» номинациясымен «Capable group» компаниясы марапатталды.

Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты нәтижелер бар. Бүгінде Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 200 мыңнан асты. Соңғы 2 жылда жаңадан 12 индустриалды аймақ құрылып, жалпы саны 21-ге жетті. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 447 млрд теңгеге 138 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, облыстың барлық аудандарында 29 шағын өнеркәсіптік парк құрылып, 275 өндірістік ғимарат салынуда. Оның 178-і пайдалануға берілді. Парктерде 146 жоба іске қосылды. Жалпы инвестиция көлемі – 163 млрд теңгені құрады. Жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы 176 млрд теңгеге импортты алмастыруға бағытталған 31 жоба іске асты. Қосымша тағы жалпы құны 280 млрд теңге болатын 39 жоба жүзеге асырылуда.

Форумда ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков атысып, кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар номинантты марапаттады. Вице-министр кәсіпкерліктің ел экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, отандық бизнесті қолдау шаралары, өндіріс орындарын көбейту, инвестиция тарту және кәсіпкерлердің бастамаларына қолайлы жағдай жасау бағыттарының өзектілігін атап өтті.

Сонымен қатар «Форте Банк» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Қарлығаш Сакипова сөз алып, кәсіпкерлік саласындағы үздіктерге марапаттар табыс етті.

Салтанатты рәсім мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Іс-шара барысында кәсіпкерлердің еңбегі дәріптеліп, олардың өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосып жүрген үлесіне құрмет көрсетілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
_______

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан қаласында жұмыспен қамтуға арналған 1600 субсидияланған жұмыс орны бекітілді

admin

Түркістан облысында жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

admin

Қауіпсіз қоғам – тұрақты дамудың негізі

admin

Пікір жазу