Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ПРЕЗИДЕНТ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ КИНОЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені ұйымдастырған «Шежіреден болашаққа» атты кинолекторий сериясы өтті. Ауқымды ағартушылық жоба Президент телерадиокешенінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылуда.

Кинолекторийдің алғашқы күнінде көрермендерге «Арал» және «Серт» деректі фильмдері ұсынылды.

«Арал» фильмі өмірін теңіз жағасында өткізіп, балықшылықпен айналысқан қарт балықшы Күнтуған Тұрғанбаевтың тағдыры арқылы Арал теңізінің тарихын, адам мен табиғат арасындағы байланысты, өңірдегі соңғы жылдардағы өзгерістерді баяндайды.

Фильм кейіпкері Күнтуған Тұрғанбаев түсірілім жұмыстары өзіне ерекше әсер қалдырғанын айтты.

– Түсірілім тобымен бір аптадай бірге жүрдік. Бұрын балық аулаған жерлерімді қайта көрдім. Теңіз 1960 жылдары тартыла бастады. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында Аралдың қайта қалпына келе бастауы өте маңызды, – деді ол.

Фильмде Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қалпына келтірілгені айтылады.

Ал «Серт» деректі фильмі Қазақстанның 2024 жылдың көктеміндегі жойқын су тасқыны салдарын еңсеру жолын көрсетеді. Картинада Мемлекет басшысының тапсырмасымен қысқа мерзім ішінде тұрғын үйлер салынып, инфрақұрылым қалпына келтіріліп, азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралғаны баяндалады.

Іс-шараға қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қос фильмге де жоғары баға берді.

– Екі фильм де көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Күнтуған атаның тағдыры арқылы тұтас аймақтың тарихы көрінеді. Ал «Серт» фильмі халықтың бірлігі мен ынтымақтастығы кез келген қиындықты жеңуге мүмкіндік беретінін көрсетеді, – деді ол.

Көрсетілімнен кейін тұрғындар фильмдердің мазмұны мен көркемдік шешімдеріне оң бағасын берді. Көрермендер режиссура мен операторлық жұмыстың сапасын, оқиғаның шынайы жеткізілгенін ерекше атап өтті.

Түркістан тұрғыны Жанна Жайлаубайқызы «Арал» фильмін халықаралық деңгейдегі деректі жобалармен салыстырды.

– Арал – тек теңіз емес, ол сол маңда өмір сүрген адамдардың тағдыры. Фильмдегі символикалық көріністер, табиғат пен адамның байланысы өте әсерлі көрсетілген, – деді ол.

Ал жергілікті тұрғын Әтіркүл Ташимова «Серт» фильмінің қоғамдағы бірлік пен өзара қолдаудың маңызын айқын көрсеткенін атап өтті.

Кинолекторийдің екінші күнінде көрермендерге «Travel Kazakhstan» және «Қуатты серіктес» фильмдері ұсынылды. «Travel Kazakhstan» фильмі еліміздің туристік әлеуетін таныстырса, «Қуатты серіктес» Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың дамуына арналған.

Айта кетейік, «Шежіреден болашаққа» кинолекторий сериясы 21 мамыр күні Астана қаласында бастау алды. Жоба аясындағы көрсетілімдер Қызылорда, Түркістан қалаларынан кейін Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады.

Барлық фильмдер Президент телерадиокешенінің Деректі фильмдер орталығында түсірілген. Жобалардың сценарий авторы – Нұрлан Қабдай. Режиссерлері – Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков.

Деректі фильмдердің көрсетілімі өңірлік әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Кіру тегін.

Кинолекторий сериясының қорытынды көрсетілімі 25 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.

Ұқсас жаңалықтар

Рейтинг МВФ: крупнейшие экономики мира в 2026 году

admin

Тысяча благодарностей маме

admin

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

admin

Пікір жазу