Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды мерекелік іс-шарада өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы саласында жетістікке жеткен еңбеккерлер мен үздік аудандар марапатталды.
Аталған фестивальде Отырар ауданы ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері мен нәтижелі жұмыстары үшін облыс бойынша бірінші орынға ие болды.
Бұл – ауданымыздағы аграрлық саланың дамуына үлес қосып жүрген шаруалар, диқандар, мал өсірушілер, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері мен сала мамандарының қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде өңірдің аграрлық әлеуеті, өндіріс көлемінің артуы, инвестиция тарту, экспорттық мүмкіндіктер мен ауыл шаруашылығын жаңғырту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде Түркістан облысында 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Өңір еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 14 пайызын қамтамасыз етеді. Биыл 10 айда 1 трлн 252 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, салаға 236 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Экспорт көлемі 592 млн долларға жеткен.
Мақта шаруашылығында да тарихи көрсеткіш тіркеліп, 556 мың тонна шитті мақта жиналды. Өнімділік гектарына 32 центнерге жетті. Сонымен қатар өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ет және мақта кластерлерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Мерекелік фестиваль барысында ауыл шаруашылығы саласында үздік деп танылған аудандар марапатталды. Нәтижесінде Отырар ауданы бірінші орынға, Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы екінші және үшінші орындарға ие болды.
Отырар ауданының облыс көлемінде үздік атануы – ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстың, еңбек пен ынтымақтың, шаруалардың табанды тіршілігінің жемісі.
Ауданның аграрлық әлеуетін арттыру, шаруалардың еңбек өнімділігін қолдау, жаңа технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады!
Құрметті отырарлықтар марапат құтты болсын!
