Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарын ашу арқылы білім беру сапасын арттыру, озық технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Осы тапсырма аясында Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі «Woosong Kazakhstan University» университеті ашылды.
Бұл жоба – Түркістан өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның жоғары білім беру саласы үшін маңызды тарихи қадам. Университеттің ашылуы елдің цифрлық трансформация стратегиясымен үндесіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы білім мен инновация орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда Woosong University-ге қабылдау науқаны жүріп жатыр.
2025 оқу жылында университетке 107 студент қабылданды. Оның ішінде 100 студент Түркістан облысы әкімдігі бөлген грант негізінде білім алуда.
Бүгінде университетте бакалавриаттың екі заманауи білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда:
– 6В06105 «Жасанды интеллект»;
– 6В06107 «Деректер туралы ғылым».
Аталған бағдарламалар студенттерге қос диплом алу және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін ұсынады.
2+2 қос диплом бағдарламасы бойынша студенттер оқу мерзімінің жартысын Түркістандағы университетте, ал қалған бөлігін Корея Республикасындағы Woosong University немесе оның халықаралық серіктес жоғары оқу орындарының бірінде жалғастыра алады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерге екі жоғары оқу орнының дипломы беріледі.
Сонымен қатар жоғары курс студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Woosong University мен оның халықаралық серіктес университеттерінде бір немесе екі семестр білім алып, игерген кредиттерін толықтай есептете алады.
Университеттің оқу үдерісін 13 оқытушы қамтамасыз етеді. Студенттер Кореядағы Woosong University электронды кітапханасының ресурстарын пайдалану мүмкіндігіне ие.
Жоғары оқу орнының жобалық қуаты 2000 студентті құрайды. Алғашқы қабылдау кезеңінде 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.
Халықаралық деңгейдегі бұл білім ордасы өңірде цифрлық технологиялар саласындағы білікті кадрларды даярлауға, жастардың сапалы білім алуына және Қазақстанның білім беру жүйесінің жаһандық кеңістікке кірігуіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 сәуірде Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде Түркістанда халықаралық стандарттарға сай заманауи университет бой көтерді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
