Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасының төрт жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиынға Созақ, Бәйдібек, Отырар аудандарынан, сондай-ақ Арыс, Кентау және Шымкент қалаларынан келген ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысты.
Іс-шара «Армандар орындалады» жобасы туралы бейнематериалдың көрсетілімімен басталды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол облыс әкімі атынан дарынды балалар мен жобаға қолдау көрсетіп жүрген демеушілерге Алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар іс-шараға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Инара Намазбаева, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Төрт жыл ішінде «Армандар орындалады» жобасы жүздеген ерекше баланың арманына қанат бітіріп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіп келеді. Жоба балалардың өз мүмкіндіктеріне сенімін арттырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуына ықпал етуде.
Мерекелік кеш барысында ерекше балалар өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара аясында облыс әкімінің орынбасары фото көрмені аралап, жас таланттардың жетістіктерімен танысты. Ерекше балалардың өнері мен жетістіктеріне жоғары баға берді.
Айта кетейік, бұл игі шара түркістандық ерікті, «Армандар орындалады» жобасының негізін қалаған Әсел Бимырзаеваның бастамасымен қолға алынған. «Армандар орындалады» жобасының басты мақсаты – үйден оқытылатын ерекше балалардың қоғамнан шет қалмай, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау. Сонымен қатар олардың қарапайым армандарын жүзеге асыру арқылы өмірге деген қызығушылығын арттырып, жарқын болашаққа ұмтылуына қолдау көрсету.
2022 жылы Түркістан қаласында бастау алған жоба бүгінде облыс көлемінде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында үш рет ұйымдастырылып, республикалық деңгейге қадам басты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
