Түркістан облысы Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаевқа арналған тағылымды құрмет көрсету шарасы өтті. Ғасыр жасаған майдангерге көрсетілген ілтипат – ел жадындағы ерлікті ұлықтаудың және аға буынға деген шынайы алғыстың жарқын көрінісі болды.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек етіп, 1944 жылы Сайрам аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанған. Ол 64-атқыштар полкінің құрамында қатардағы жауынгер ретінде Отан қорғау жолында қызмет етті.
Майдангер Польшаны азат ету және Германия аумағындағы кескілескен шайқастарға қатысып, ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. 1949 жылы елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде де табанды еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққанға дейін А. Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосты.
Ардагердің ерлігі мен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және бірқатар мерейтойлық марапаттармен ұлықталған.
Бүгінде 100 жасқа таяған ардагер – үлкен әулеттің асқар тауы. Ол 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған ардақты қария.
Мерекелік іс-шара барысында Ахмаджан Анартаевқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Жұматайұлының және Сайрам ауданы әкімі Мадияр Оразалиевтің атынан Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, арнайы сый-сияпаттар ұсынылды.
Шара аясында әскери оркестрдің патриоттық әуендері орындалып, майдангерге ерекше құрмет көрсетілді. Көпшілік ғасыр жасаған ардагердің өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ететін тағылымды өнеге ретінде атап өтті.
Айта кету керек, Жеңіс күні қарсаңында Қарабұлақ ауылындағы «Ардагерлер саябағы» да жаңартылып, қайта қалпына келтірілді. Бұл игі бастама – ел үшін еңбегі сіңген ардагерлерге деген құрметтің нақты көрінісі.
Ахмаджан Анартаевтың ғибратты ғұмыры – ерлік пен еңбектің, елге адал қызмет етудің айқын үлгісі болып қала береді.
