Елордада Қазақстандағы Ресей Федерациясының мәдениет күндері аясында Ресей кино өнерінің фестивалі бастау алды. 26 сәуірге дейін жалғасатын бұл мәдени жоба екі мемлекет арасындағы гуманитарлық байланыстарды тереңдетіп, кинематография саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Фестивальдің ашылу рәсімінде «РОСКИНО» ұйымының бас директоры Эльза Антонова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимованың құттықтауын жеткізді. Құттықтау хатта мұндай бастамалардың мәдени диалогты кеңейтіп, өнер арқылы халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтатыны атап өтілген.
Іс-шара барысында Эльза Антонова Ресей киносы фестивальдерінің халықаралық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын айтып, Қазақстандағы жоба ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, биылғы бағдарламаға ресейлік кино өндірісінің соңғы жетістіктерін көрсететін, көрермен тарапынан жоғары бағаланған түрлі жанрдағы туындылар енгізілген.
Өз кезегінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ басшылығы мұндай мәдени жобалардың екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын және ұлттық кино индустриясын дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті.
Фестиваль шымылдығы «Первый на Олимпе» атты спорт тақырыбындағы көркем фильммен ашылды. Алдағы күндері көрермендерге жеті ресейлік фильм тегін ұсынылады. Олардың қатарында «Авиатор», «Буратино», «Чебурашка 2», «Красный шелк», «Три кота. Путешествие во времени» және «Август» туындылары бар.
Бағдарлама аясында ресейлік кино қайраткерлерімен кездесулер, сондай-ақ шығармашылық бағытта білім алып жатқан студенттерге арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, көрермендер «Авиатор» фильмінің актрисасы Дарья Кукарскаямен және «Первый на Олимпе» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған актер Антон Савватимовпен жүздесу мүмкіндігіне ие болады.
