Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БЕЙРЕСМИ САММИТІН ӨТКІЗУГЕ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АЗАМАТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан қаласында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің он төртінші кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелер талқыланды.

Мәжіліс барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады. Облыс әкімі саммиттің тарихи маңызына және облыстың даму көрсеткіштеріне тоқталды.

– 15 мамыр күні түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өткізілді. Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының тарихи, мәдени және рухани сабақтастығын нығайтатын маңызды құжат қабылданды. Сондай-ақ түркі дүниесінің болашақтағы рухани және ғылыми ықпалдастығына жол ашатын Түркі өркениеті орталығының іргетасы қаланды. Мемлекет басшысы көне Түркістан қаласын еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің жауһары ретінде одан әрі дамыту, абаттандыру, инфрақұрылымын жетілдіру және оның халықаралық беделін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Саммитке қатысқан шет мемлекеттердің басшылары мен ресми делегациялар қаланың көлік инфрақұрылымына, көгалдандыру деңгейіне, тазалығына және жалпы ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға берді. Саммит қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңір тұрғындарына және іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл – бірліктің, жауапкершіліктің және ортақ еңбектің нақты нәтижесі. Осы ретте аталған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Алдағы кезеңде де осы қарқынды сақтап, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз нәтижелі болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Жиында күн-түн демей еңбек еткен коммуналдық сала қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге, еріктілерге және қаланың көркеюі мен тазалығына атсалысқан тұрғындарға тұрғындарға мемлекеттік марапаттар мен Алғыс хаттар тапсырылды.

Айта кетейік, Түркістан төрінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Түркі әлемінің рухани астанасында өткен маңызды жиын барысында бауырлас елдер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Саммит аясында Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған ортақ келісімдер қабылданды. Сонымен қатар шетелдік делегациялар Түркістан қаласының қарқынды дамуына, заманауи инфрақұрылымына, тазалығы мен ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨҢІРЛІК КОАЛИЦИЯ ҚҰРЫЛДЫ

admin

Жетісу облысында «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі жоғары деңгейде өтті

admin

Ношение закрывающей лицо одежды в общественных местах: разъяснение норм законодательства

admin

Пікір жазу