Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҮЛГІЛІ АУЫЛ» БАЙҚАУЫ БОЙЫНША КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келе жатқан «Үлгілі ауыл» жобасының кезекті кезеңіне байланысты комиссия келесі отырысын өткізді. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік жағдайын нығайту және жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Комиссия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев төрағалық етті.

Отырыста сөз алған Ертай Кенжебекұлы аталмыш жобаның ауылдық аумақтардың өркендеуіне тигізетін әсерін ерекше атап өтті. «“Үлгілі ауыл” байқауы – ауылдардың дамуына тың серпін беретін маңызды бастама. Байқауға қатысу – ауыл әкімдері үшін нақты мүмкіндік. Жеңімпаз ауылға әлеуметтік нысан салынуы – тұрғындар үшін үлкен қолдау. Сол себепті әр ауыл әкімдігі халықты жұмылдырып, өз елді мекенінің дамуына үлес қосуы қажет», – деді ол.

Байқау дәстүрлі түрде екі кезеңге бөлінеді: бірінші кезеңі аудан деңгейінде сәуір мен тамыз айлары аралығында жүргізілді, ал облыстық кезең қыркүйек–қараша айларында өтті. Биыл жалпы 16 аудан мен қалаға қарасты 85 ауыл қатысып, олардың ішінен әр өңірден бір ауылдан – 16 ауыл облыстық іріктеуге өтті. Қатысушы ауылдар өздерінің материалдарын ұсынып, арнаулы комиссия қарауына жолдады. Қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтардан құралған жұмысшы топ ауылдарды аралап, байқау жеңімпазын анықтайтын болады.

Өткен жылы Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылы үздік атанып, байқаудың бас жүлдесін иеленген еді. Осыған сәйкес ауылға 2,83 гектар жер бөлініп, қазіргі уақытта заманауи спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, нысан тұрғындардың игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Биылғы байқауда да ереже бойынша 4 жүлделі орын белгіленген.

Ұқсас жаңалықтар

2025 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ САЛАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

admin

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бірінші тоқсан қорытындысы бойынша үш есеге төмендеді

admin

Переход без иллюзий: от нефти — к балансу

admin

Пікір жазу