Түркістан облысында полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша 300-ге жуық жүргізуші мен жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында кезекті профилактикалық іс-шара өткізді.
Шара барысында полицейлер 300-ге жуық жүргізуші мен жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша маңызды ақпараттарды жеткізді. Полицейлер азаматтарға жылдамдықты шектен асырмау, қауіпсіздік белдігін пайдалану, мас күйінде көлік тізгініне отырмау, балаларды арнайы қауіпсіздік құрылғыларымен тасымалдау және жаяу жүргіншілер өткелдерін дұрыс пайдалану қажеттігін түсіндірді.
Шараның әсерлі бөлігінің бірі ретінде жол-көлік оқиғасына ұшыраған апатты көліктер тұрғындарға көрсетілді. Бұл арқылы жол ережелерін сақтамаудың ауыр зардаптары мен адам өміріне төнетін қауіп нақты мысалдар арқылы түсіндіріліп, жол-көлік оқиғаларының салдары көпшілікке көрнекі түрде жеткізілді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жол қозғалысына қатысушылар арасында қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
#ЗАҢЖӘНЕТӘРТІП #ЗАКОНИПОРЯДОК
