Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру жөніндегі конкурстың басталғанын хабарлайды.
2026 жылы республикалық деңгейде әрқайсысы 3 миллион теңгені құрайтын 30 грант бөлінеді. Грантқа Қазақстан Республикасының 14 пен 35 жас аралығындағы (34 жасты қоса алғанда) азаматтары қатыса алады.
Грант конкурстық негізде келесі 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыруға беріледі:
- «Ғылым» – жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыруға;
- «Мәдениет» – ұлттық мұраны насихаттау, дәстүр мен өнерді ілгерілетуге;
- «Ақпараттық технологиялар» – IT шешімдер мен стартап жобаларды әзірлеуге;
- «Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға;
- «Медиа» – танымдық, пайдалы әрі қызықты медиа-контент жасауға;
- «Волонтерлік» – әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды қолдауға.
Өтінімдер 2026 жылғы 21 сәуірден 21 маусымға дейін (21 маусым күні сағат 24:00-ге дейін) қабылданады.
Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде тапсыру қажет:
- Конкурстық өтінім (онлайн форма);
- Жобаның сипаттамасы (PDF форматта);
- 60 секундтан аспайтын бейнематериал немесе 10 слайдқа дейінгі презентация;
- Шығындар сметасының жобасы (PDF форматта);
- Зияткерлік меншік туралы мәлімет (бар болса);
- Жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі.
Аталған грант жастардың шығармашылық, ғылыми және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды қолдауға мүмкіндік береді.
