Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев ауданның инфрақұрылымын жақсарту, жол қауіпсіздігін күшейту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Ақсукент ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аудан басшысы Астана даңғылы мен Сұраншы батыр көшелері бойындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жол қозғалысының жағдайын, жаяу жүргіншілер жолақтарының жай-күйін, көше жарықтарының жұмысын және инфрақұрылым нысандарының жалпы сапасын тексерді.
Аудан әкімі тиісті сала мамандары мен мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, жол қозғалысын реттеу, қауіпсіздік шараларын жетілдіру және инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді. Ол жол бойындағы көлік қозғалысының қарқыны мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне назар аударып, халық тарапынан жиі көтерілетін мәселелерді уақытылы шешу қажеттігін атап өтті.
Сапар барысында Мадияр Мұхтарұлы тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші кезектегі міндет екендігін баса айтты. Соның ішінде, жаяу жүргіншілерге арналған өтпе жолақтарды жаңарту, бағдаршамдар орнату, жол белгісін реттеу және көше бойындағы жарықтандыру жүйелерін күшейту мәселелері қаралды.
Аудан әкімінің айтуынша, тәуліктің қараңғы мезгілінде жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Сондықтан көшелерді жарықтандыру, ақаулы шамдарды уақтылы ауыстыру, қосымша жарық нүктелерін орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдарының сапасын арттыру және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустарды реттеу мәселелері де назардан тыс қалмайды.
Ақсукент ауылдық округінде қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғындардың өтініш-тілектерін назарға алып, көшелерді кезең-кезеңімен абаттандыру және жол төсемесін жаңарту бойынша жоспар әзірлеген. Жаңа жаяу жүргінші жолдары салынып, көше бойындағы ағаштар реттеліп, инженерлік-коммуникациялық желілер жаңартылуда.
Мердігер мекемелерге жол құрылысын сапалы орындау, құрылыс материалдарын стандартқа сай пайдалану және жұмыстың мерзімін қадағалау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Аудан басшысы жұмыстың сапасын төмендетуге жол берілмейтінін айтып, бақылауды күшейту жөнінде жауапты басшыларға нұсқау берді.
Сапар барысында аудан әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Халықтың өтініштері негізінен жол сапасына, жарықтандыру жұмыстарына және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты болды. Мадияр Мұхтарұлы тұрғындармен тұрақты байланыс орнату және мәселелерді жедел қарау мақсатында жауапты бөлімдерге тапсырма берді.
Аудан әкімдігі тұрғындардың белсенділігіне және елді мекендердің ортақ игілігі үшін ұсыныстарын жеткізіп, жұмысқа атсалысуына жоғары баға береді. Қоғамдық бақылау механизмі де жол жобаларының сапалы әрі ашық жүзеге асуына ықпал етпек.
Сайрам ауданы өңірдің ірі әрі халық саны көп аймағы болып табылады. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі. Бұл бағытта жол жөндеу жұмыстарымен қатар сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесін жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және көше қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жүзеге асуда.
Аудан басшысы алдағы уақытта тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыру үшін инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
