Эколог күні қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері қатысқан брифинг өтті. Спикерлер «Таза Қазақстан» республикалық акциясының жүзеге асырылу барысы, заңсыз қоқыс үйінділерін жою, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экологиялық туризм мен экологиялық ағартуды дамыту мәселелері туралы баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жалғасуда. Оның басты мақсаты – азаматтардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру, халықтың экологиялық санасын арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін дамыту.
Осы бастама аясында Экология министрлігі рейдтік іс-шаралар мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жүзеге асыратын спутниктік мониторинг нәтижесінде анықталған заңсыз қоқыс үйінділерін жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Жыл басынан бері елімізде 884 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 196-сы немесе 22%-ы жойылды. Заңсыз қоқыс үйінділерінің ең көп саны Абай облысында – 137, Қостанай облысында – 113 және Ұлытау облысында – 100 тіркелді.
Министрлік, «Ғарыш Сапары» компаниясы, құқық қорғау органдары және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында заңсыз қоқыс үйінділерінің санын тұрақты түрде азайтуға қол жеткізілді.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында 844 мың тонна қалдық жиналып, 1,1 млн гектар аумақ тазартылды. Акцияға 6,9 млн адам қатысты. Ал «World Clean-up Day» акциясы 356,2 мың адамды, елді мекендерді көгалдандыру «Парктер шеруі» шаралары – 218,4 мың адамды біріктірді. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді.
Бұдан бөлек, Тұжырымдаманы іске асырудың маңызды бағыттарының бірі – экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және экологиялық тәртіпті нығайту. Қоғамдық пікір көшбасшыларын, блогерлер мен инфлюенсерлерді тарта отырып, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу және жүйелі экологиялық мәселелерге назар аударту бойынша тұрақты жұмыстар атқарылуда. Өскелең ұрпақпен түрлі жобалар, байқаулар, шеберлік сабақтары мен экологиялық ағарту форумдары ұйымдастырылуда.
Мемлекет пен халық арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді құралына айналған «@TazaQazBot» чат-боты азаматтардың өтініштерін жедел қабылдап, жергілікті жерлердегі экологиялық және санитарлық мәселелерге уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді.
Брифинг барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі жағдай туралы да ақпарат ұсынылды. Қазақстанда жыл сайын шамамен 4,5 миллион тонна коммуналдық қалдық түзіледі, оның шамамен 30%-ы сұрыпталып, қайта өңделеді.
«Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген қаржыландыру тетігі жұмыс істейді. Кәсіпорындар қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу жабдықтарын сатып алу үшін жылдық 3%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге несие ала алады.
Сонымен қатар, халық пен мамандандырылған кәсіпорындарды қолдауға бағытталған «Экоқолдау» бағдарламасы екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Бағдарлама іске қосылғалы бері 92 келісімшарт жасалды, оның ішінде 62-сі қалдық жинаушылармен, 20-сы қайта өңдеушілермен және 10-ы толық циклді кәсіпорындармен жасалған.
Брифингте экологиялық туризмді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілер саны 2019 жылғы 1,3 миллион адамнан 2024 жылы 2,8 миллион адамға дейін өсті. Ал 2025 жылы ұлттық парктерге келушілер саны 3,7 миллион адамға жетті.
Ұлттық парктер аумағында заманауи туристік инфрақұрылым құру жұмыстары жалғасуда. Визит-орталықтар ашылып, экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттар жабдықталуда, табиғи ортаға үйлесімді енгізілген глэмпингтер, кемпингтер және киіз үй кешендерінің желісі дамытылуда. Бүгінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экологиялық соқпақ жұмыс істейді.
Брифинг қорытындысында спикерлер атқарылып жатқан жұмыстар қоғамның экологиялық мәдениетін дамытуға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Эколог күні табиғатты қорғау мен Қазақстанның тұрақты дамуына күн сайын үлес қосып жүрген мамандарға алғыс білдірудің маңызды мүмкіндігі болып қала береді.
