Түркістан облысында өткен «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде ішкі істер органдарына 165 кәмелетке толмаған жеткізілді.
Рейд барысында жасөспірімдерге қатысты 163 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 129 дерек кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі, 18 дерек ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамауы, 6 дерек ойын-сауық орындары иелерінің кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болуына жол беруі бойынша тіркелді.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасаған бұзақылықтың 1 және қоғамдық орында мас күйде жүрген 2 жасөспірім анықталды. Профилактикалық есепке құқық бұзушылыққа бейім 15 жасөспірім мен 9 қолайсыз отбасы алынды.
Мәселен Төлеби ауданында учаскелік полиция қызметкерлері көше бойында тұрған бір топ жасөспірімді анықтады. Тексеру кезінде кәмелетке толмағандардың бірінің қалтасынан пышақ табылды. Жасөспірім полиция бөліміне жеткізіліп, заңды өкіліне әкімшілік шара көрілді. Сондай-ақ жасөспіріммен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Полиция департаменті ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамай, олардың түнгі уақытта жүрмеуіне бақылауды күшейтуге шақырады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
#ЗАҢМЕНТӘРТІП
