Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөлін атап өтті.
Президент егемен еліміздің Қарулы күштеріне зор сенім артатынын жеткізіп, бүгінгі қазақ армиясы бабалар аманатына адал екенін ерекше атап өтті.
– Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Сайыпқыран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, күштік құрылымдар заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті сақтауда маңызды қызмет атқарып келеді. Ал құтқару қызметінің мамандары қандай қатер болса да, азаматтардың қауіпсіздігі үшін тынымсыз еңбек етуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық деңгейдегі беделіне де тоқталды. Оның сөзінше, отандық жауынгерлер күрделі міндеттерді сәтті орындап, жаһандық тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.
Атап айтқанда, Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларын дербес жүзеге асыру мандатына ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы жалғыз ел. Бұл – әлем қауымдастығының қазақ армиясына деген сенімінің жоғары екенін айғақтайды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақстандық сарбаздардың халықаралық жарыстардағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
– Биыл Дубайда өткен ауқымды халықаралық жарысқа еліміздің бес командасы қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстан құрамасы бірінші және екінші орындарды иеленді. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған «Томирис» командасының шеберлігіне әлем жұртшылығы тәнті болды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл жетістіктер сарбаздардың табанды еңбегі мен Отанға деген адалдығының нәтижесі екенін атап өтті.
– Мұның бәрі – рухы биік, қайраты мол, антқа берік жауынгерлеріміздің ерен еңбегінің жемісі. Мемлекет осындай айбынды сарбаздарды әрдайым қолдайды. Бұл – ел мүддесі мен ұлтымыздың болашағы үшін аса маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
