Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпаратҚоғамМәдениетСаясат

АСТАНАДА PGL ASTANA 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Елордадағы Barys Arena спорт кешенінде Counter-Strike 2 бойынша PGL Astana 2026 халықаралық турнирінің шымылдығы түрілді. Әлемнің үздік киберспорт командалары бас қосқан ауқымды додаға 16 команда қатысып жатыр.

Жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық турнирді PGL Esports SRL ұйымдастыруда. Байрақты бәсекеде Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic сынды әлемдік деңгейдегі ұжымдар өнер көрсетуде.

Турнирге арнайы шақырылған қонақтар қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks және әлем чемпионы Габриель Толедо бар.

Айта кетейік, PGL Astana 2026 турнирі Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік аудиторияның киберспортқа қызығушылығы артып отырған кезеңде мұндай ірі халықаралық жарыстарды өткізу Астананың туристік тартымдылығын күшейтіп, қаланың халықаралық имиджін нығайта түседі.

Елордаға арнайы келген ресейлік көрермен Александр Белобух турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Мен Астанаға алғаш рет келіп тұрмын. Қаланың атмосферасы ерекше әсер қалдырды. Әсіресе жастардың киберспортқа деген қызығушылығы қуантады. Бұл Қазақстанда FURIA Esports сапында өнер көрсетіп жүрген Даниил Голубенко сияқты мықты ойыншылардың арқасы деп ойлаймын. Ол бүгінде жастардың кумиріне айналды және Қазақстанның намысын халықаралық аренада лайықты қорғап жүр, – деді ол.

Спорт шолушысы Нұрболат Жомарт та Қазақстанда киберспорттың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын PGL деңгейіндегі турнирдің Астанада өтетініне көпшілік сенбес еді. Бүгінде ұйымдастырушылар ТМД кеңістігінде Counter-Strike 2-нің аса танымал екенін және мұнда талантты ойыншылардың жеткілікті екенін көріп отыр. Солардың бірі – mo0N лақап атымен танымал Абдурахим Иса. Оның командасы финалға дейін жетеді деп сенеміз. Дегенмен бәсекелестік өте жоғары, әсіресе Team Spirit командасы мықты құраммен келген, – деді сарапшы.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан қаласы ерекше мәртебеге сай дамиды 

admin

Мемлекет басшысы Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IАСА) президенті Памела Харристі қабылдады

admin

Түркістан облысында «Бала шешеннен – дана шешенге» атты республикалық байқау өтеді 

admin

Пікір жазу