Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

Конституциялық реформалар: Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде не өзгерді?

Жаңа Конституция жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге институционалдық мүмкіндік беріп отыр. Бұл мәселе елімізде ұзақ уақыт бойы өзекті болып келді. Оның астарында тек билікті орталықсыздандыру мен демократияны дамыту үдерісі ғана емес, сонымен бірге тарихи эволюция мен басқару теорияларының ықпалы да жатыр.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың қазіргі заманғы түсінігі ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Пруссия мемлекетінде қалыптасты. Наполеон соғыстарынан кейін әлсіреген Франция ықпалынан шығу қажеттілігі пруссиялық реформаторларды мемлекеттік басқаруды феодалдық модельден модерн жүйеге көшіруге итермеледі. Осы кезеңде жергілікті институттарға дербестік беру арқылы азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, бюджет пен басқару үдерістеріне жауапкершілікті бөлісу тетіктері енгізілді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың саяси белсенділігін арттырып, жерге деген жауапкершілік пен патриотизмді күшейтті.

Ұқсас реформалық толқындар Ресей империясында да байқалды. ІІ Александр кезеңінде өңірлік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған талқылаулар күшейіп, жергілікті билік институттарын құрудың түрлі модельдері ғылыми және саяси айналымға енді. Осылайша жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі ғылыми мектеп деңгейіне көтерілді. Кеңестік кезеңнің орталықтанған жүйесі (1930–1980 жж.) бұл процесті уақытша тежегенімен, тақырып толық жойылған жоқ.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жолы

1980 жылдардың соңында қайта құру реформалары аясында жергілікті өзін-өзі басқару идеясы қайта жаңғырып, 1990 жылғы 4 сәуірде «КСРО-дағы жергілікті шаруашылық және өзін-өзі басқарудың жалпы бастамасы туралы» заң қабылданды. Бұл құжат одақтас республикалар үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастырды.

Бұл үдерістер тек тарихи логикамен емес, жаһандық идеологиялық өзгерістермен де байланысты болды. Сол кезеңде халықаралық деңгейде неолибералдық экономикалық модель күшейіп, мемлекеттің функцияларын шектеу, билікті тарату және институттық теңгерім орнату идеялары алға шықты. Биліктің горизонтальді және вертикальді бөлінісін күшейту жергілікті басқару институттарының дамуына түрткі болды.

1985 жылы қабылданған Жергілікті өзін-өзі басқарудың еуропалық хартиясы бұл бағыттағы негізгі халықаралық құжатқа айналды. Оның 3-бабына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару – жергілікті билік органдарының заң шеңберінде қоғамдық істердің елеулі бөлігін жергілікті халық мүддесі үшін реттеу және басқару құқығы мен қабілеті. Бұл құқық тікелей, тең және жасырын дауыс беру арқылы сайланатын өкілдік органдар арқылы жүзеге асады.

Осыдан шығатын негізгі тұжырым – жергілікті басқарудың мазмұны оның атауымен емес, нақты өкілеттілігімен анықталады. Яғни демократиялық легитимділік, шешім қабылдау дербестігі және қаржылық-ресурстық автономия – оның негізгі өлшемдері.

Мәжіліс депутаты Қостанайда жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін талқылады

Халықаралық тәжірибеде, әсіресе англо-саксондық жүйеде, «өзін-өзі басқару» термині әрдайым қолданылмаса да, институттың демократиялық табиғаты сол арқылы айқындалады.

Қазақстан контекстінде жергілікті өзін-өзі басқару көбіне дербес саяси балама ретінде емес, жергілікті мемлекеттік басқаруға қарсы қойылатын ұғым ретінде қабылданып келді. Алайда бұл екі жүйені антагонистік емес, біртұтас басқару архитектурасының элементтері ретінде қарастыру тиімді өңірлік басқару моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі реформалық логикада мәслихаттардың рөлін күшейту және олардың жергілікті өзін-өзі басқару институты ретіндегі функцияларын кеңейту ерекше маңызға ие. Әкімдіктердің мәслихаттарға есеп беру тетіктері де осы жүйенің институционалдық теңгерімін қамтамасыз етеді.

Тәжірибеде жергілікті билік өз міндеттерін орындамаған жағдайда немесе мемлекеттік саясатты іске асырудан бас тартқан жағдайда соттық бақылау тетігі қолданылады. Бұл орталық пен жергілікті билік арасындағы қатынастардың құқықтық шеңберде реттелуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар халықаралық тәжірибе орталық органдардың заң шығару, бюджет бөлу және нормативтік реттеу арқылы жергілікті биліктің дербестігін жанама түрде шектейтінін немесе үйлестіре алатынын көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Жаңа Конституциядағы өзгерістер жергілікті басқару жүйесін түбегейлі қайта құрудан гөрі, оны институционалдық тұрғыда жетілдіруге, орталық пен жергілікті билік арасындағы теңгерімді күшейтуге және нақты өкілеттілігі бар жергілікті өзін-өзі басқару моделін қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа Конституция ұсынған бағыт – орталық пен өңір арасындағы өкілеттіктерді қайта теңгеру, мәслихаттардың рөлін күшейту және жергілікті институттардың жауапкершілігін арттыру арқылы нақты мазмұнға ие басқару моделін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде формалды емес, шынайы жұмыс істейтін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне біртіндеп өтудің құқықтық және саяси алғышарты бола алады.

Осылайша, конституциялық өзгерістер жергілікті басқаруды жаңғыртудың тек техникалық тетігі емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті жаңа деңгейге көтеретін институционалдық бетбұрыс ретінде бағалануға тиіс.

Еркебұлан ЖҰМАШОВ,

философия докторы (PhD),

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

В рамках поручения Правительству внести предложения по оценке влияния цифровой экономики на ВВП

admin

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

admin

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ОРЫН АЛҒАН СУ ТАСҚЫНЫ ЖАҒДАЙЫ ТҰРАҚТАЛДЫ

admin

Пікір жазу