«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметінше, өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамту көрсеткіші тұрақты түрде артып келеді.
2026 мамыр айына Түркістан облысындағы медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындар саны – 2 085 921 адам. Оның ішінде 1 787 047 адам (85,7%) сақтандырылған болса, 298 874 тұрғын (14,3%) сақтандырылмаған.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сақтандырылмаған азаматтар саны 92 679 адамға (23,6%) азайған. Атап айтқанда, 2025 жылғы мамыр айында бұл көрсеткіш 391 553 адам болса, 2026 жылғы мамырда 298 874 адамды құрады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Д және Е санаттарына жататын азаматтар мен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жергілікті бюджет есебінен жарналар төлене бастауымен МӘМС жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Алайда медициналық көмекке жүгінбеген азаматтардың шартты сақтандырылған мәртебесі заңда белгіленген мерзімнен өткеннен кейін автоматты түрде тоқтатылып жатқанына назарды аударамыз.
Қор филиалының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар арасында МӘМС жарналарын уақытылы төлемеу жағдайлары жиі тіркелген.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сәйкес, Түркістан облысында 33 818 азаматқа МӘМС төлемдері бойынша өсімпұл есептеліп, оның жалпы сомасы 247,9 млн теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, жарналарды тұрақты төлемеген 21 609 салық төлеушінің жеке кабинеттеріне камералдық бақылау хабарламалары жолданған. Хабарлама алғандардың басым бөлігі білім беру саласының қызметкерлері екені анықталған.
Мамандардың айтуынша, мәртебені сақтау үшін МӘМС жарналары мен аударымдарын үздіксіз әрі уақытылы төлеп тұру қажет. Соңғы 12 айда төлемдерде үзіліс болған жағдайда азаматтар медициналық қызметтерге толық қол жеткізе алмайды.
Сондай-ақ, ұзақ мерзімді еңбек демалысына шыққан қызметкерлер үшін МӘМС төлемдерін әр ай бойынша бөлек рәсімдеу аса маңызды. Егер еңбек демалысы бірнеше айды қамтыса, жұмыс беруші төлемдерді әр кезеңге жеке есептеп бөлек аударуы тиіс.
Қор мамандары МӘМС жүйесі азаматтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік тетік екенін атап өтеді.
