Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орналасқан №133 референдум учаскесінде дауыс берді.
Нұралы Әбішов ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысу әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.
– Референдум – ел дамуының болашақ бағытын айқындайтын маңызды кезең. Сондықтан әрбір азамат өз таңдауын жасап, ел тағдырына бейжай қарамауы тиіс. Бүгін учаскелердегі тұрғындардың белсенділігі халықтың мемлекет болашағына деген сенімін көрсетеді, – деді ол.
Айта кетейік, Түркістан облысында 15 наурыз күні таңғы сағат 07:00-ден бастап 947 референдум учаскесі жұмысын бастады. Өңірде 1 187 257 азамат дауыс беру құқығына ие.
Қазіргі уақытта облыс бойынша дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтіп, тұрғындар референдумға белсенді қатысуда.
