Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ОҢ БАҒАЛАДЫ

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану мәселесіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартудың, өндірісті дамытудың және жаңа технологияларды енгізудің нақты алаңына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы ретте Түркістан облысы мен Астана қаласындағы тәжірибені оң мысал ретінде келтірді.

Президент өз сөзінде арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілін қайта қарау қажеттігін айтып, олардың даму моделін жаңғыртуды тапсырды. Жаңа нормалар мен құралдар, заманауи сервистік шешімдер алдымен осы аймақтарда сынақтан өтіп, кейін еліміздің өзге өңірлеріне таралуы тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысы нақты нәтижеге қол жеткізу үшін басқару тиімділігі мен жауапкершілік жоғары болуы керектігін баса айтты.

Түркістан облысында бұл бағытта жүйелі жұмыс жолға қойылған. Өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымы дайын өндірістік алаңдар ұсыну, жобаларды «бір терезе» қағидаты негізінде толық сүйемелдеу тетігі енгізілген. Бүгінде облыс аумағында 4397 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Мұнда терең өңдеу саласын дамытуға басымдық беріліп, кәсіпкерлерге салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады.

Сонымен қатар өңірде дайын инфрақұрылымы бар 21 индустриалды аймақ құрылған. Бұл алаңдарда инженерлік желілер тартылған, жол, электр, су және газ жүйелері жүргізілген. Кәсіпкерлер өндірісті қысқа мерзімде іске қосу мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіптік парктер жобасы жүзеге асуда. Кәсіпкерлерге өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі берілген. Қазіргі уақытта облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өнеркәсіптік парктер салынуда. Жалпы саны 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 45-і пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылған.

Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың дамуы еңбек нарығына да оң әсерін тигізуде. Өңірде өндірістік жобалардың көбеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табысын арттыруға және жұмыспен қамту көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал етті. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 746 млрд теңгеге жетіп, жоспар 121,6 пайызға орындалды. Бұл – облыстың инвестициялық тартымдылығы артқанын көрсетеді.

Шетелдік инвестициялар көлемі де айтарлықтай өсті. Жоспарланған 475 млн АҚШ долларының орнына 1,4 млрд АҚШ доллары тартылды. Бұл көрсеткіш өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық климаттың нәтижесі. 2025 жылы 340 млрд теңгеге 58 жоба іске қосылып, 8 340 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2026–2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биылдың өзінде 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асырып, 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Бұл көрсеткіштер еңбек саласындағы саясатты дамытуға тікелей ықпал етеді. Өндірістің өркендеуі – тұрақты жұмыспен қамтудың негізі. Түркістан облысында «Еңбек адамы» бейнесін насихаттау, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру бағытында да нақты шаралар қолға алынған. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өндіріс орындарында ашық есік күндері, кәсіби бағдар беру кездесулері және техникалық мамандықтарды дәріптеу шаралары ұйымдастырылуда.

Өндірістік жобаларды іске асыру барысында еңбек қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Кәсіпорындарда халықаралық стандарттарға сай қауіпсіздік талаптарын сақтау, қызметкерлерді арнайы киіммен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, тұрақты оқыту жүргізу міндеттелген. Бұл – жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты шарты.

Индустриялық даму өңірдегі кадр даярлау жүйесін жаңғыртуды да талап етеді. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасында дуальды оқыту жүйесі енгізілуде. Колледждер өндіріс орындарының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашып, оқу бағдарламаларын жаңартуда. Бұл – әр түрлі салалар бойынша кадрларды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған қадам.

Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтардың дамуы көші-қон үдерістеріне де оң әсерін тигізуде. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы ішкі еңбек көші-қонын реттеуге, жұмыс күші артық өңірлерден азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңгерімді сақтаудың маңызды тетігі.

Өңірде халықтың кірісін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да табысты жүзеге асырылуда. «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» аясында өндірістік жобалар арқылы тұрақты жалақысы бар жұмыс орындары құрылуда. Кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, қайта өңдеу саласын дамыту арқылы тұрғындардың табысын көбейтуге жағдай жасалуда.

Әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі де өндірістік даму үдерісімен қатар жетілдірілуде. Жұмысшылардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы, зейнетақы аударымдарының жүргізілуі және «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне қатысу мүмкіндіктері түсіндірілуде. Бұл бастамалар азаматтардың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Президент атап өткендей, арнайы экономикалық аймақтар экономикалық өсімнің нақты драйверіне айналуы тиіс. Түркістан облысында бұл бағытта қалыптасқан тәжірибе – тиімді басқару, жедел шешім қабылдау және инвесторларға қолайлы орта қалыптастырудың нәтижесі. Өңірде инвестициялық жобаларды тұрақты мониторингтеу, инфрақұрылымды дамыту және кедергілерді азайту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Түркістан облысының тәжірибесі арнайы экономикалық аймақтарды дамыту арқылы өндірісті ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге және халықтың әл-ауқатын арттыруға болатынын көрсетіп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттардың өңірде нақты іске асуының айқын дәлелі.

Ұқсас жаңалықтар

«ШЫМКЕНТ АРУЫ 2025» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУҒА КАСТИНГ БАСТАЛДЫ

admin

Сианьдағы Қазақстанның Бас консулдығы өңіраралық инвестициялық ынтымақтастықтың нығаюына белсенді атсалысуда

admin

АНА — ЕЛДІҢ, ОТБАСЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

admin

Пікір жазу