Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогені қабылдап, өңірге инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында облыс басшысы Түркістанның экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері және шетелдік инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлар туралы ақпарат берді. Әкім француз компанияларын Түркістан өңірінде белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихи негізіне тоқталып өтті. «Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық байланыстар 1992 жылдан бері тұрақты дамуда. Осы жылдар ішінде француз капиталы бар 170-ке жуық компания елімізде табысты қызмет етіп келеді. Түркістан облысындағы Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеріп жатқан “Orano” мен “Қазатомөнеркәсіп” бірлескен KATCO кәсіпорны – екіжақты әріптестіктің маңызды нәтижелерінің бірі. Кәсіпорынның жылдық қуаты 4 мың тонна уранды құрайды.
Түркістан – тарихи және мәдени мұраға бай өңір. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Биыл қалаға ерекше мәртебе берілуі туризм саласына жаңа серпін беріп, шетелдік инвестиция тарту мүмкіндігін арттырады. Жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдайтын халықаралық әуежай жұмыс істейді. Табиғи ресурстарымыз, аграрлық әлеуетіміз жоғары. Облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада алғашқы орында. Индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақ және шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға барлық жағдайды қамтамасыз етеді. Біз француз компанияларымен серіктестікті кеңейтуге және олардың жобаларын қолдауға дайынбыз», – деді облыс әкімі.
Франция елшісі Сильван Гиоге өз тарапынан Түркістан облысының мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, өңірмен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ол ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс және сауда салаларында бірлескен жобаларды қарастыруға дайын екендіктерін айтты. Елшілік өкілдері Түркістанның инвестициялық әлеуетін франциялық компанияларға жан-жақты таныстыратынын мәлімдеді.
Тараптар алдағы уақытта ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі талдау, ақпарат алмасу және ынтымақтастықты күшейту бағытында жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
