Қазақстанда балалардың болашағына бағытталған жаңа әлеуметтік бастама – «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске асырылды. Бағдарлама аясында кішкентай қазақстандықтардың атына мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы аударыла бастады.
Бастапқы капиталдың мөлшері 236 мың теңге, ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 472 мың теңгені құрайды. Бұл қаражат балалардың AQYL білім беру жинақтау депозиттеріне немесе өмірді сақтандыру шарттарына аударылады.
Мемлекет тарапынан қаржыландырудың алғашқы легі жүзеге асырылды.
Бағдарламаға қатысушы негізгі қаржы институттарының бірі — «Отбасы банк» АҚ, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бес жасқа толған 7317 балаға мемлекеттен бастапқы капитал аударылғанын хабарлады. Ал 23 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға екі есе мөлшерде қаражат берілді.
Жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеден астам қаржы балалардың шоттарына түсті.
Екінші жартыжылдықта бес жасқа толатын балаларға арналған төлемдер 2026 жылдың ақпан айында жүргізіледі.
Бағдарламаның негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері
«Келешек» жүйесі қолданыстағы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) кеңейтілген нұсқасы болып табылады. Ол баланың болашағын қамтамасыз етуге, оның ішінде білім алуына және тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама шеңберінде:
-
жыл сайын 5% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы (әлеуметтік осал топтарға – 7%) көзделген;
-
мемлекет тарапынан біржолғы бастапқы капитал төленеді;
-
жинақталған қаражатты жоғары, техникалық және кәсіптік білімге, сондай-ақ тұрғын үй алу мақсатына пайдалануға болады;
-
депозит иесі оқу орнын еркін таңдау құқығына ие.
2025 жылы бағдарлама 2020 жылы және кейін туған балаларға қолданылады. Сонымен қатар, «Келешек» жүйесіндегі жинақтарды «Ұлттық қор – балаларға» жобасындағы қаражатпен біріктіру мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі таңда 5 жасқа дейінгі балалар саны 2 миллионнан астам, яғни ел халқының шамамен 10%-ын құрайды.
Депозит ашу және жарна төлеу тәртібі
AQYL білім жинақтау депозитін келесі екінші деңгейлі банктерде ашуға болады:
-
Отбасы банк
-
Halyk Bank
-
Nurbank және басқа да қаржы ұйымдары.
Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушы сақтандыру компаниялары қатарында «Евразия», Freedom Finance Life, NOMAD Life және өзге ұйымдар бар.
Бастапқы капиталды сақтау үшін ата-аналар жыл сайын депозитке ең төменгі мөлшерде жарна енгізуі қажет:
-
Жалпы отбасылар үшін — 24 АЕК (94,37 мың теңге);
-
Әлеуметтік осал отбасылар үшін — 12 АЕК (47,2 мың теңге);
-
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жарна төлеу талап етілмейді.
Жарнаны бір реттік сомамен немесе жыл бойы кезең-кезеңімен төлеуге болады. Егер белгіленген мерзімде толық сома енгізілмесе, бастапқы капитал мемлекетке қайтарылады.
Қаржыны пайдалану мүмкіндіктері
Егер бала жоғары оқу орнына мемлекеттік грант иегері болып түссе, «Келешек» шотының қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға мүмкіндік бар. Бұл жағдайда депозиттегі барлық қаражат — банктің сыйақысы, мемлекеттік сыйлықақы және бастапқы капитал — тұрғын үй депозитіне аударылып, алғашқы жарна ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар, жиналған қаражатты:
-
екінші жоғары білім алуға;
-
біліктілікті арттыру курстарына;
-
туыстарына аударуға;
-
немесе жинақтауды жалғастыруға бағыттауға болады.