Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпарат

ТҮЛКІБАСТА RC COLA БРЕНДІМЕН «BEIBARS BOTTLERS» СУСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықты. Түлкібас ауданының Күмісбастау ауылында АҚШ-тың әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи сусын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылды.

Ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа зауыттың ерекшелігі – заманауи неміс және италиялық технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Өндірісте пайдаланылатын су кәсіпорын маңындағы 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, халықаралық стандарттарға сай тазартылып отырады. Бұл судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында арнайы тексерістен өткен.

Зауытта 100 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауыл экономикасының жандануына және тұрғындардың әлеуметтік ахуалының жақсаруына тікелей әсер ететін маңызды қадам.

Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеп, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларына тоқталды:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Бұл жоба – сол тапсырмалардың нақты орындалуының айғағы. Жергілікті әкімдік инфрақұрылымды жеткізіп, барлық қажетті қолдауды көрсетті. Ендігі міндет – сапалы өнім шығарып, оны тек ішкі емес, сыртқы нарыққа да ұсыну. Өңіріміздің дамуына үлес қосатын жобаның сәтті жүзеге асуына тілектеспін, – деді облыс әкімі.

Іс-шараға «RC Cola International» компаниясының бас менеджері Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова, сондай-ақ жобаның идея авторы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» ЖШС құрылтайшысы Амангелді Нұров қатысты. Олар бұл жобаның Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетінін атап өтті.

Кәсіпорынға шамамен 9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін сусын өндіре алады. Өнімдер металл және пластик құтыларда шығарылып, Қазақстан нарығынан бөлек, көрші елдерге де экспортталады.

Жобаны іске асыру барысында ҚР Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына сәйкес, зауыттың инфрақұрылымын жеткізу үшін:

  • 705 млн теңгеге 6140 метрлік 35 кВ электр желісі мен қосалқы станция салынды;

  • 25 млн теңгеге табиғи газ құбыры тартылды;

  • 240 млн теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылды.

Жаңа өндіріс орны – Түркістан облысының индустриалды-инновациялық даму стратегиясының нақты жемісі. Бұл – импортты алмастыратын, экологиялық талаптарға сай, халықаралық стандарттарға негізделген заманауи өндіріс қана емес, сонымен қатар инвесторлар сенімін арттыратын маңызды жоба.

Зауыттың жалпы аумағы – 5 565 м². Өнім түрлері – RC Cola брендімен шығатын газдалған сусындар, ауыз су және өзге де алкогольсіз өнімдер. Экспорт географиясы – Қазақстан мен Орталық Азия елдері.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

admin

Мемлекет басшысы Әзербайжанның Сыртқы істер министрін қабылдады

admin

Мемлекет басшысы 8 наурыз — халықаралық әйелдер күніне арналған марапаттау рәсімінде сөз сөйледі 

admin

Пікір жазу