Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған конституциялық заңдар пакеті биылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция нормаларын нақты құқықтық тетіктермен толықтырды.
Президент қол қойған заңдар қатарында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңдар бар.
Қабылданған заңдардың басты ерекшелігі – олардың жекелеген нормаларды нақтылаумен шектелмеуінде.
– Олар жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастырып, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейді. Егер наурыздағы референдум Қазақстанның жаңа саяси моделінің негізгі қағидаттарын бекітсе, маусым айындағы заңдар пакеті сол қағидаттардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айқындайды, – дейді сарапшы Нұрбек Мәтжани.
Сарапшы ерекше тоқталған мәселелердің бірі Вице-президент институтының енгізілуі.
– «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң Мемлекет басшысының құқықтық мәртебесін, оның қызметін қамтамасыз ету тетіктерін нақтылайды және Қазақстан Республикасы Вице-президенті институтының мәртебесін егжей-тегжейлі бекітеді, – деді ол.
Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады және Мемлекет басшысы белгілейтін функцияларды орындайды.
– Бұл өзгеріс мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, билік сабақтастығын қамтамасыз етуге және ықтимал саяси тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейтіп, басқару жүйесінің тиімділігі мен болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Құрылтай – халықтың үні
Оның сөзінше, реформалар аясындағы маңызды құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң.
– Заң Құрылтайдың қалыптасу тәртібін, қызметін, өкілеттіктерін және заң шығару процесіндегі орнын айқындайды. Жаңа конституциялық модельде Құрылтай халық өкілдігінің негізгі институттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
Заң депутаттардың құқықтық мәртебесін, олардың құқықтары мен міндеттерін және шешім қабылдау рәсімдерін бекітеді.
Құрылтай институтының қайта жаңғыруы – кезінде қазақ хандары мен билері маңызды шешімдер қабылдаған киелі Түркістан өңірі үшін ерекше мәнге ие. Жаңа конституциялық модель аясында облыстың қоғамдық белсенділігі артып, жергілікті халықтың үні республикалық деңгейде анық естілетін болады. Бұл қадам тарихи сабақтастықты сақтай отырып, Түркістан облысында өкілді демократияның жаңа заманауи тетіктерін қалыптастыруға серпін береді.
Мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа модель
Нұрбек Матжанидың пікірінше, реформалардың тағы бір маңызды бағыты – Конституцияда көзделген жаңа қоғамдық-саяси институттардың қызметін құқықтық тұрғыдан рәсімдеу.
– Заңда Халық кеңесінің мәртебесі мен қызметіне ерекше назар аударылған. Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделі қалыптасады. Бұл модельде қоғамдық құрылымдар шешім қабылдау процесінің маңызды элементтерінің біріне айналмақ, – дейді ол.
Мәселен, еліміздегі ең тығыз қоныстанған және демографиялық әлеуеті жоғары Түркістан облысында мұндай жаңа модельдің тиімділігі жоғары болмақ. Өңірдегі жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жаңадан құрылатын Халық кеңесінің құрылымдары өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл облыстағы қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді халықтың өзі тікелей қатыса отырып, ашық әрі тиімді шешуіне мүмкіндік береді
Сарапшы қабылданған заңдардың басым бөлігі саяси процестерді институционалдандыруға бағытталғанын айтады.
– Бұған дейін кейбір тетіктер саяси тәжірибе немесе заңға тәуелді актілер деңгейінде ғана жұмыс істесе, енді олар конституциялық деңгейде бекітілген тұрақты институттарға айналып отыр. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, саяси процестердің айқындылығын арттырады, – дейді сарапшы.
Реформалардың нәтижесі нақты құқықтық негізге ие
Сарапшының айтуынша, жаңа заңдардың қабылдануы Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр.
– Референдумнан кейін еліміз саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Азаматтар қолдаған Конституция мемлекет, қоғам және саяси институттар арасындағы қатынастардың жаңартылған моделін ұсынды, – дейді ол.
– Жаңа заңдар өзара әрекеттесу рәсімдерін, жауапкершілік тетіктерін және басқару құрылымының жұмыс қағидаттарын белгілейді. Бұл азаматтар үшін де, халықаралық серіктестер мен инвесторлар үшін де маңызды сигнал. Яғни конституциялық реформалар декларациялық сипатпен шектелмей, нақты құқықтық негізге ие болып отыр, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол реформалардың табысы олардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына байланысты екенін атап өтті.
– Жаңа институттардың тиімділігі тек заңдардың сапасына ғана емес, олардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына да байланысты болады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген реформаның табысы жаңа органдардың құрылуымен емес, олардың қоғам сұранысына жауап беріп, нақты нәтижелер көрсетуімен өлшенеді. Сондықтан алдағы жылдардағы басты мәселе қабылданған заңдардың мазмұны ғана емес, олардың мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қоғамдық сенімді нығайтуға және шешім қабылдау сапасын жақсартуға қаншалықты ықпал ететіні болмақ, – дейді Нұрбек Матжани.
Осылайша, сарапшының бағалауынша, Президент қол қойған конституциялық заңдар пакеті Қазақстанның жаңа Конституциясын іске асырудағы маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Конституциялық реформаның үшінші кезеңі басталады.
