Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпарат

ТҮРКІСТАНДА «ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ІЗІМЕН ҚОЛӨНЕРШІЛЕР (АХИЛІК)» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘДЕНИ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ ӨТІП ЖАТЫР

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум басталды. Айтулы жиынды аталған оқу ордасы мен Түркия Республикасы Сауда министрлігі, Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағалығы және Түркістан облысы әкімдігі, Қыршехир Ахи Евран университеті мен Ахмет Ясауи ынтымақтастық және даму қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.
▪️Басты мақсат – түркі әлемінің ортақ құндылықтарын академиялық, мәдени және қоғамдық қырларынан жан-жақты қарастыру.
Айта кетейік, «Ахилік» – тек қана қолөнершілер ұйымы емес, сонымен қатар адалдық, адал табыс, қоғамдық ынтымақ, бауырластық және кәсіби әдепке негізделген қуатты өркениеттік модель.
▪️Ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров: «Бүгінгі іс шара – өңіріміздің мәдениеті мен өнеріне деген зор құрметтің және қолөнерді жаңа деңгейге көтерудің айқын көрінісі. Өткен жылы Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» арнайы Заңына қол қойды. Қабылданған Заң қолөнершілердің кәсібін дамытуға және өз өнімдерін ілгерілетуге жол ашады. Бұдан бөлек, 2025 жылдың ақпан айында «WCC International» ұйымының сарапшылары Түркістан қаласының қолөнер саласының даму әлеуетін бағалап, аккредитациядан өткізді. Нәтижесінде «WCC International» шешімімен Түркістан қаласына «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Бүгінгі іс-шара қолөнершілерге тәжірибе алмасуға, өнімдерін халықаралық деңгейде насихаттауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл басқосу Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға тың серпін беріп, оның халықаралық деңгейдегі беделін одан әрі асқақтатуға ықпал ететін іс-шара деп сенемін», деді.
▪️Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы және доктор Күршад Зорлу да Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауидің тарихи рөліне тоқталды.
«Құрметті қонақтар мен ғалымдар, сүйікті студенттер! Сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Сіздерге Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Эрдоғанның ыстық сәлемін ала келдім. Бүгін біз осында ортақ тарихи мұрамызды ұлықтау мақсатында аса маңызды мәдени басқосуды өткізіп отырмыз. Алдағы мамыр айында Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қарсаңында осындай тағылымды іс-шараның ұйымдастырылуы оның мазмұнын тереңдете түсетініне сенімдімін. Елдеріміз арасындағы бауырластық мәңгі жасай берсін! Жасасын Түркі әлемі!», деді.
Одан әрі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты және Өкілетті Кеңес мүшесі, профессор, доктор Дархан Қыдырәлі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.
▪️Құттықтау хатта «Құрметті іс-шараға қатысушылар, баршаңызды тұтас түркі жұртына ортақ тұлға, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеуге арналған мәдени және ғылыми жиынның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауидің есімін ұлықтауға және еңбегін насихаттауға баса мән беріп келеді. Соның аясында ғұламаның зияткерлік мұрасына арналған тың жобалар нәтижелі жүзеге асырылуда. Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістанда өтіп жатқан бүгінгі іргелі жиын аталған игі істердің лайықты жалғасы деп қабылдаймыз. Ясауи тұлғасы – түркі бірлігінің рухани символы іспетті. Осындай ортақ тарихи тұлғалардың өсиеттерін бірлесе зерделеу ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтерері анық», делінген.
▪️Жиында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюржан және Түркияның Астана қаласындағы Бас консулы Мустафа Капучу, ХҚТУ-дың Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор, доктор Мухиттин Шимшек, ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова да мазмұнды ой қозғады.
1-3 сәуір күндері симпозиум аясында ахилік дәстүрі Қожа Ахмет Ясауидің даналық ілімімен сабақтастықта қарастырылып, Түркі әлемінің ортақ мәдени бірегейлігін айқындайтын ғылыми баяндамалар жасалады деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

В Астане задержан подозреваемый в распространении ложной информации

admin

САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ — ӘР АЗАМАТТЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

admin

ТҮРКІСТАН – БИЗНЕС ҮШІН ТАРТЫМДЫ ӨҢІР

admin

Пікір жазу