Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпарат

«Қазақ күшінің картасына» 2 символдық және 13 заттық Балуан тас енгізілді

«Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған ауқымды ғылыми-танымдық жоба ретінде өз мәресіне жетті.

Іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасы аясында ұйымдастырылды. Экспедиция Шымкент қаласы мен Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары және Түркістан қаласын қамтыды.

Топ жетекшісі, академия президенті Абылайхан Қалназаровтың айтуынша, сапардың басты мақсаты – балуан тастарды тек материалдық мұра ретінде емес, ұлттық рух пен тарихи сананың көрінісі ретінде зерделеу.

– Балуан тас философиясы физикалық және онымен теңдей рухани өрісте де жатқан киелі платформа. Тікелей ауыр көтерген алыптармен қатар, астарлы елдік сана көтерген тұлғалар да көп. Біздің мақсатымыз – оның терең мәнін ашу. Бұл сапардың ерекшелігі – айналымға «символдық Балуан тас көтеру» ұғымын енгізу, – деді Абылайхан Қалназаров.

Экспедиция барысында мың шақырымға жуық жол жүріліп, 10 әулие басына зиярат жасалды, сондай-ақ балуан тастары сақталған үш музей қоры зерттелді. Нәтижесінде «Қазақ күшінің картасына» 2 символдық және 13 заттық Балуан тас енгізіліп, олардың толық деректері ақпараттық базаға тіркелді. Қосымша нақтылауды қажет ететін бірқатар нысан кейінгі зерттеулерге қалдырылды.

Ғалым Серік Ерғали экспедицияның ғылыми маңызын атап өтті.

–Бұл жолғы сапар жоғары деңгейде өтті. Ғылыми жаңалықтар да аз емес. Мәселен, «Балуан тас» ұғымының «Зілтас» атауымен сабақтас екені нақтыланды, – деді ол.

Сапар барысында ғылыми-ағартушылық бағыттағы «Күш лекциясы» жобасы жүзеге асып, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Отырар және Түркістан өңірлерінде бес лекция ұйымдастырылды. Оған мыңға жуық адам қатысты. Лекцияларға Абылайхан Қалназаровпен қатар тарихшы-жазушы Абдулла Жұмашев пен Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы атсалысты.

Экспедицияның маңызды оқиғаларының бірі Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде өткен Наурыз мерекесі аясында көне «Балуан тас көтеру» рәсімінің жаңғыртылуы болды. Бұл жерде әйгілі балуан Арман Сүлеймен шамамен 200 келіге жуық тасты көтеріп, тұғырға орнатты.

– Бұрын ауылға атақты балуан келсе, одан Балуан тас көтеруді өтінетін дәстүр болған. Қажымұқаннан кейін бұл рәсім ұмыт қалды. Бүгін сол дәстүрді қайта жаңғыртып отырмыз, – деді Абылайхан Қалназаров.

Жиын барысында ақсақал Мамырайхан Қалназаров батасын беріп, балуанға құрмет көрсетілді. Осылайша, араға 80 жылдан астам уақыт салып, көне дәстүр қайта жаңғырды.

Сапар барысында өңірдің бірқатар қаламгері – Асан Тұрабаев, Ілесхан Байжанов және Абдулла Жұмашев «Рухани палуан» атағымен марапатталды.

Жоба бұған дейін Ақтөбе және Павлодар облыстарында жүзеге асқан. Ал Түркістан бағыты рухани-тарихи маңызы тұрғысынан ерекше кезең ретінде бағаланып отыр. Сонымен қатар бұл сапар Наурыз мерекесі, көкпардан әлем чемпионаты және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына орайластырылды.

Айта кетейік, Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде күш атасының үлкенді-кішілі 8 балуан тасы сақталған

 

Ұқсас жаңалықтар

НӨЛДІК ТӨЗІМДІЛІК – ЗАҢ МЕН ТӘРТІП КЕПІЛІ

admin

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар Қазақстан-Словения бизнес-форумына қатысты

admin

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

admin

Пікір жазу