Өрт – адам өміріне, қоршаған ортаға және экономикаға зор зиян келтіретін аса қауіпті апаттардың бірі. Әсіресе көктемгі және жазғы маусымдарда орман-дала өрттерінің жиілеп кетуі алаңдаушылық туғызады. Мұндай өрттердің салдары табиғатқа орасан нұқсан келтіріп, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жойылуына, сондай-ақ материалдық шығындардың артуына себеп болады.
Орман-дала өрттерінің негізгі себептерінің бірі – азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы. Табиғат аясында демалыс кезінде жағылған отты толық сөндірмеу, қоқыс пен құрғақ шөптерді өртеу, сондай-ақ отты бақылаусыз қалдыру өрттің шығуына әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, ауа райының ыстық болуы мен құрғақ шөптердің тұтануы да өрт қаупін арттырады.
Табиғатты қорғауда орман шаруашылығы мекемелерінің және табиғат қорғау қызметкерлерінің рөлі ерекше. Қорықшылар мен жауапты мамандар өздеріне бекітілген аумақтарда тұрақты бақылау жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалауы қажет.
Көп жағдайда өрттердің шығуына егістік және бау-бақша жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болады. Кейбір азаматтар жерді арамшөптерден тазарту мақсатында от жағып, оны толық сөндірмей кетеді. Нәтижесінде желдің әсерінен өрт үлкен аумаққа таралып, табиғатқа және шаруашылық нысандарына елеулі зиян келтіреді.
Осыған байланысты шаруашылық басшылары мен жер пайдаланушылар дала жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Әрбір азамат табиғатқа жанашырлықпен қарап, өрттің алдын алу шараларына жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана орман-дала алқаптарын сақтап қалуға болады.
Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Орман-дала өрттерінің алдын алып, қоршаған ортаны келер ұрпаққа аман жеткізу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтайық
