Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылында «Қос асылдың ізі» атты волейболдан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Бұл турнир елге еңбегімен еленіп, халқына адал қызмет еткен қос бірдей азамат – «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қайрат Беркінбаев пен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Тайыр Шералиевті еске алуға арналды.
Тағылым мен тартысты ұштастырған іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қатысушылар мен жиналған қауымды республикалық турнирдің ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде елдің дамуы жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың жарқын бейнесі әрдайым ұрпақ жадында сақталатынын атап өтті. Сонымен қатар Теріскейден түлеп ұшқан қос тұлғаның өмір жолына тоқталып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ел игілігі үшін атқарған өнегелі істері кейінгі буынға үлгі екенін жеткізді.
Шара барысында облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және туған-туыстары сөз сөйлеп, қос азаматтың адамгершілік болмысы мен елге сіңірген еңбектері туралы естеліктерімен бөлісті.
Республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен 9 команда қатысуда. Спортшылар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, салауатты өмір салтын насихаттауда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қос асылдың ізі» турнирі – тек спорттық бәсеке емес, ерлік пен азаматтықтың мәнін ұғындыратын, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағылымды шара.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
