Түркістан қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жаңа заманауи ғимараты пайдалануға берілді.
Өңір басшысы биыл кітапхананың құрылғанына 65 жыл толып отырғанын атап өтіп, мерейтой қарсаңында жаңа ғимараттың ашылуы ерекше мәнге ие екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңа нысанның Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға берілуі өңірдегі балаларға жасалған тағылымды тарту екенін айтты.
– Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес. Бұл – ұлттың рухани қазынасы, тәрбиенің алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында: «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интеллектуалды қоғам құра алады. Бұл – елдің рухани дамуының негізі» деп атап өткен болатын. Сондықтан жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оларды дұрыс бағытта тәрбиелеу – болашаққа салынған маңызды инвестиция.
Бүгінгі жоба – осы мақсаттағы нақты қадамдардың бірі. Біраз уақыт бұрын кітапхананың ескі ғимаратының жағдайымен танысып, оны заман талабына сай жаңғыртып, балаларға арналған заманауи интеллектуалды орталыққа айналдыру жөнінде бастама көтерген едім. Осы идеяны қолдап, балаларымызға осындай тамаша білім ордасын сыйлауға мүмкіндік жасаған облыстық мәслихат депутаттарына және барша қолдау білдірген азаматтарға алғысымды білдіремін. Жаңа ғимарат құтты болсын! Кітапхананың шамшырағы сөнбесін! Еліміздің руханияты өркендей берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен бірге жаңа кітапхана ғимаратын аралап көріп, оның мүмкіндіктерімен танысты.
Жаңа кітапхана балалардың оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітап пен білімге деген қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Мұндағы басты мақсат – рухани бай, ой-өрісі кең, білімді әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру.
Жобаның жалпы құны 481,3 миллион теңгені құрайды. Ғимараттың жалпы аумағы – 1065,3 шаршы метр. Кітапхана бір мезетте 100 оқырманға қызмет көрсете алады. Мұнда 50-ден астам маман еңбек етеді.
Балалар кітапханасының қорында 226 403 дана кітап сақталған. Олардың қатарында әлемдік классика, заманауи балалар әдебиеті, танымдық басылымдар мен электронды ресурстар бар. Жаңа ғимарат балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, білімін жетілдіруіне және шығармашылық әлеуетін дамытуына барлық жағдай жасап отыр.
Бүгінде Түркістан облысында 390 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Олардың жалпы кітап қоры 6 миллионнан асады.
Өңірде мәдениет пен руханиятты дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылы облыста кітапханалармен қатар алты мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл тағы он мәдени нысанның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоспар бойынша олардың барлығы жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылады.
Жаңа кітапхана – балалардың білім мен ғылымға ұмтылысын арттырып қана қоймай, Түркістан өңірінің мәдени-интеллектуалдық әлеуетін күшейтетін маңызды орталықтардың біріне айналмақ.
