Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне тағзым етті.
Облыс әкімі өз құттықтауында Жеңіс күні – Отан үшін жанын қиған батырларды еске алып, олардың ерлігін ұлықтайтын ерекше мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ адамзат тарихындағы ең ауыр соғыста қазақ халқы қайсарлық пен батырлықтың үлгісін көрсеткенін жеткізді.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, соғыс жылдары елде қалған халық та тылда аянбай еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Сондықтан ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы.
Құттықтауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың майдангерлер ерлігіне қатысты айтқан пікірі де келтірілді. Облыс әкімі Президенттің жауынгерлер рухына деген құрметі ел жадындағы тарихи сабақтастықтың маңызды көрінісі екенін атап өтті.
Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғысқа оңтүстік өңірден 140 мыңнан астам азамат аттанып, олардың жартысына жуығы майданнан оралмағаны айтылды. Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының санаулы ардагерлері ғана қалған.
Облыс әкімі барша тұрғынға бейбіт өмір, ынтымақ пен амандық тілеп, Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры әрдайым биік болсын деген тілегін жеткізді.
