Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Түлкібас аудандық атшабарында «Ұлы Жеңіске тағзым» атты ұлттық спорт ойындарынан ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты шара ұлттық ат спорты ойындарының әсерлі шеруімен басталды. Шеруді КСРО-ның 9 дүркін чемпионы, «Құрмет» орденінің иегері Әбілхан Дауылбаев бастап шығып, көпшілікке ақ батасын берді. Ол жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Мерекелік жиында сөз алған Келесбек Жартыбаев аудан тұрғындарын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара аясында «Қыз қуу», тоқ бәйге, тай жарыс, теңге ілу, аударыспақ, аламан бәйге, жастар көкпары, үлкен көкпар және жаппай көкпар сынды ұлттық ат спорты ойындары ұйымдастырылды. Шабандоздар мен спортшылар өзара бақ сынап, көрермендерге тартысты бәсеке сыйлады.
Сонымен қатар, қазақ күресі, арқан тарту және қошқар көтеру сайыстары өткізіліп, ұлттық спорт түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Аудан әкімі Асқар Естібаев жарыстарды тамашалап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, әсем ән мен күмбірлеген күй арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар арнайы марапатталып, оларға құрмет көрсетілді.
Іс-шара соңында сөз сөйлеген Асқар Естібаев Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, ұлттық спорт ойындарының жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, ел тыныштығы мен бірлігін тіледі.
