Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімі 19-дан 31 атауға дейін ұлғайтылды. Бұл қадам негізгі тұтыну тауарларының қолжетімділігін арттырып, нарықтағы негізсіз баға өсімін тізгіндеуді көздейді.
Жаңа тізімге не қосылды?
Бұрынғы тізімдегі ұн, нан, сүт және май сияқты негізгі өнімдерге қоса, енді тізбеге халық көп тұтынатын қосымша көкөністер, жармалардың жаңа түрлері және кейбір ет өнімдері енді. Бұл мемлекеттік бақылаудың аясын кеңейтіп, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қорғауға бағытталған.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабы:
Сауда субъектілері үшін ең басты талап — «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабын қатаң сақтау. Осы бапқа сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларды қайта сату (алып сату) кезінде заңдылықты сақтау — әрбір кәсіпкердің тікелей міндеті. Заң мемлекет тарапынан бекітілген шекті бағаларды немесе рұқсат етілген үстемелерді бұзуға жол бермейді.
«Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына сәйкес (соңғы өзгерістермен) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) баға белгілеудің нақты тетігін реттейді.
Ішкі сауда қағидаларының 229-тармағына сәйкес, ӘМАТ тізіміндегі тауарларға қосылатын сауда үстемесі өндірушінің немесе көтерме жеткізушінің бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс.
Маңызды ескерту: Бұл 15 пайыздың ішіне кәсіпкердің барлық шығыстары (тасымалдау, сақтау, жалға алу және т.б.) кіруі керек. Кәсіпкерге бұл пайыздық мөлшерден артық шығыстарды тауар құнына қосуға заңмен тыйым салынған.
Құжаттама және ашықтық
Сауда нысандары ӘМАТ тобына жататын тауарлардың барлық ілеспе құжаттарын (шот-фактуралар, жүкқұжаттар) мұқият сақтауы тиіс. Кез келген тексеру кезінде кәсіпкер тауарды қандай бағамен алғанын және үстіне қанша пайыз қосқанын құжатпен дәлелдеуі міндетті. Құжаттардың болмауы немесе оларды жасыру заң бұзушылық болып саналады.
Жауапкершілік: Ескерту емес, айыппұл
Қолданыстағы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз асырған жағдайда бірден әкімшілік айыппұл салынады. Ескі нормадағыдай «бірінші рет ескерту жасау» тәртібі жойылған.
Айыппұл мөлшері: Кәсіпкерлік субъектісінің санатына (шағын, орта немесе ірі бизнес) байланысты айқындалады.
Қайталап бұзу: Егер заң бұзушылық жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі еселеніп артады.
Түйін:
Мемлекет белгілеген 31 тауар түрі бойынша баға саясатын сақтау — тек заң талабы емес, сонымен қатар қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілік. Әрбір сауда нүктесі иесіне заңдылықты сақтап, негізсіз айыппұлдардан аулақ болуды ұсынамыз.
Түркістан облысы бойынша Сауда және
тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті
