Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
АймақБасты ақпаратЖаңалықтарҚоғамМәдениетСаясат

Қазақстанда Наурызды тойлаудың жаңа форматы қалыптасуда: дәстүр мен технология үндестігі

Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы соңғы жылдары жаңа мазмұнмен толықтырылып, оны ұйымдастырудың заманауи үлгісі қалыптасып келеді. Бұл формат ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға негізделген. Мұндай тәсіл мәдени мұраны жаңаша таныстыруға, қоғамды инновациялық бастамаларға тартуға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Наурызнама онкүндігі аясында еліміздің барлық өңірлерінде 7 мыңнан астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Жалпы мерекелік бағдарламаларға 4,2 миллионнан астам адам қатысып, оның ішінде негізгі мерекелік күндері – 21–22 наурызда шамамен 1,5 миллион адам қамтылды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы онлайн кеңістіктегі қамту көлемі 14 миллион пайдаланушыға жетті.

Цифрлық форматқа да ерекше мән берілді. Digital Nauryz бастамасы шеңберінде 1 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, бірыңғай цифрлық платформада 80 мыңнан астам белсенді қолданушы тіркелді. Бұл бастама ұлттық мәдени құндылықтарды заманауи технологиялар арқылы кеңінен насихаттауға жол ашты.

Жаңа форматтың басты ерекшеліктерінің бірі – «цифрлық киіз үйлер». Бұл кеңістіктерде дәстүрлі мәдениет заманауи технологиялар көмегімен таныстырылды. LED-контент, VR-аймақтар, жасанды интеллектке негізделген жобалар, 3D-принтерлер мен түрлі интерактивті шешімдер келушілердің қызығушылығын арттырды. Осындай цифрлық форматтар музейлерде, театрларда және қоғамдық орындарда да қолданылып, мультимедиялық инсталляциялар, LED-туннельдер мен бейнеаватарлар арқылы мерекелік атмосфера қалыптастырылды.

Бірқатар өңірлерде бұқаралық іс-шараларда бұрын қолданылмаған технологиялық шешімдер енгізілді. Атап айтқанда, ұлттық тағамдарды дрондар арқылы жеткізу, роботтандырылған ұлттық ойындар, соның ішінде робот-көкпар, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі интерактивті аймақтар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар білім беру және IT саласына бағытталған бастамалар да кеңінен жүзеге асырылды. Мерекелік бағдарлама аясында AI Nauryz, RoboShanyraq жобалары, хакатондар, стартап-питчингтер, IT-форумдар және технологиялық байқаулар ұйымдастырылды. Drone Lab Nauryz жобасы, Baursaq Pitch стартаптар байқауы өткізілді. Бұдан бөлек, жастарға арналған білім беру жобалары іске асып, AI Bootcamp, GameDev-хакатондар және «Robot күресі» робототехника турнирлері өткізілді.

Жобаның маңызды бағыты – жоғары оқу орындары, музейлер және IT-хабтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Бұл әріптестік мәдени ортаға цифрлық форматтарды енгізуге және жастардың технологиялық құзыреттерін арттыруға бағытталды.

Жаңа форматты жүзеге асыруда өңірлердің де үлесі зор болды. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында жасанды интеллект аймақтары, VR-кеңістіктер мен роботтандырылған шешімдер ұсынылған ірі технологиялық алаңдар ұйымдастырылды. Ал Шымкент қаласында IT-қоғамдастықтың қатысуымен digital-meetup кездесулері мен технологиялық фестивальдер өтті.

Сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінде де жаңа форматтағы іс-шаралар өткізілді. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында «цифрлық киіз үйлер» ашылып, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жасанды интеллектке арналған воркшоптар мен хакатондар ұйымдастырылды. Ақтөбе облысында мәдени және технологиялық бағыттағы шаралар ондаған мың адамды қамтыса, Алматы облысында онкүндік мерекелік бағдарламаларға қатысушылар саны жарты миллионнан асты.

Осылайша, Қазақстандағы Наурыз мерекесі дәстүрлі мәдени құндылықтарды сақтай отырып, жаңа технологиялармен толыққан ауқымды мәдени және қоғамдық платформаға айналуда. Жаңарған формат ұлттық дәстүрлердің цифрлық дәуір талаптарына бейімделе отырып, әрі қарай дамуына мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫНА 4 АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

admin

Түркістан облысында «Тазалық күні» аясында жаппай сенбілік өтті

admin

Bank of America: Казахстан стал «лучшей инвестиционной ставкой» 2026 года

admin

Пікір жазу