Қазіргі кезеңде су ресурстары ұлттық қауіпсіздікпен пара-пар стратегиялық маңызы бар табиғи байлыққа айналып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы табиғи су көздерін сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастама ретінде жүзеге асырылуда.
Аталған акция ел аумағындағы бұлақ көздерін анықтау, оларды тазалау, қалпына келтіру және қорғау аймақтарын белгілеу арқылы табиғи су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатын көздейді. Сонымен қатар бұл бастама қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты аялау дәстүрін жаңғыртуға бағытталған.
Мемлекет басшысы ұсынған бастаманың басты ерекшелігі – оның бүкілхалықтық сипат алуында. Яғни экологиялық акцияға мемлекеттік органдармен қатар еріктілер, жастар ұйымдары, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер белсенді қатысады. Бұл өз кезегінде табиғатты қорғау ісіне қоғамның барлық мүшесін жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы табиғи су көздеріне бай өңірлердің бірі саналады. Дегенмен соңғы онжылдықтарда кейбір бұлақтардың көзі бітеліп, пайдаланылмай қалған жағдайлар кездеседі. Мамандардың мәліметінше, бүгінде облыс аумағында шамамен 1500-ге жуық бұлақ бар. Алайда олардың бірқатары толық пайдаланылмай отыр.
Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде өңірде 100-ден астам бұлақты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар екені анықталған. Оның басым бөлігін механикалық тазалау арқылы іске қосуға болады. Ал қалған бөлігіне арнайы гидрологиялық жұмыстар жүргізу қажет.
«Мөлдір бұлақ» бастамасының маңызы тек экологиялық мәселелерді шешумен шектелмейді. Бұлақ көздерін қалпына келтіру арқылы ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге, табиғи экожүйені сақтауға және өңірдегі туризм мен ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік туады.
Қазақ халқы ежелден бұлақты киелі санап, табиғатты ерекше құрметтеген. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақыл сөз – ата-бабаларымыздың табиғатты қорғау мәдениетін айқындайтын даналық.
Сондықтан «Мөлдір бұлақ» акциясы – табиғатты қорғауға бағытталған экологиялық бастама ғана емес, ұлт болашағы үшін маңызды стратегиялық қадам. Әрбір азамат осы игі іске үлес қосып, табиғи су көздерін қорғауға атсалысса, бұл бастама ел көлеміндегі маңызды қоғамдық қозғалысқа айналары сөзсіз.
