Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістан қаласында республикалық деңгейдегі ақындар айтысы өтті. «Айтыстың алтын айдары Бекарысы» атты жыр додасы белгілі айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің және «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Бекарыс Шойбековтің 50 жас мерейтойына арналды.
Ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени шарада мерейтой иесіне ерекше құрмет көрсетіліп, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан автокөлік кілті табысталды.
Айтыс аламанына еліміздің әр өңірінен келген танымал айтыскер ақындар қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзенбаев, Мейірбек Сұлтанхан және басқа да айтыскерлер қатысып, барлығы 14 ақын жыр сайысында өнер көрсетті.
Тартысты өткен жыр додасында ақындар суырыпсалмалық өнердің үздік үлгілерін көрсетіп, ел бірлігі, ұлттық құндылықтар, қоғамдағы өзекті мәселелер мен рухани сабақтастық тақырыптарын кеңінен жырға қосты. Бұл шара көрерменге ерекше әсер сыйлап, қазақтың дәстүрлі айтыс өнерінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Иранғайып Күзенбаев иеленді. Ал ІІ орын Дәурен Ақсақалов пен Жансая Мусинаға бұйырды. ІІІ орынды Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан еншіледі.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл мәдени іс-шара ұлттық өнерді ұлықтап, айтыс дәстүрін кеңінен насихаттауға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
