22 наурыз – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен сабақтасып жатқан ұлы мерекелердің бірі – Ұлыстың ұлы күні, Наурыз мейрамы. Бұл күн табиғаттың жаңарып, күн мен түннің теңелуімен тұспа-тұс келіп, жаңа өмірдің, жаңғыру мен жақсылықтың бастауын білдіреді.
Наурыз – татулық пен бірліктің, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Бұл күні халық бір-біріне ізгі тілектер айтып, өкпе-ренішті ұмытып, көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен қауышып, береке-бірлікті нығайтады. Қазақ халқы ежелден бұл мерекені ерекше ықыласпен қарсы алып, ұлттық дәстүрлер мен салт-сананы дәріптеп келеді.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ел ішінде түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойналады, салт-дәстүрлер насихатталады. Дастархан жайылып, берекенің символына айналған Наурыз көже ұсынылады. Бұл – молшылық пен ырыс-несібенің, татулық пен ынтымақтың белгісі.
Наурыз мейрамы – халықтың бірлігі мен рухани құндылықтарын айшықтайтын, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын маңызды мереке. Осындай айтулы күні әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, денсаулық пен бақ-береке тілейміз.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
