Президент енді еліміздің жаңа Конституциясына сай ғылым саласы бұдан да жоғары қарқынмен дамитынына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ата заңымызда ғылымның өрісін кеңейту негізгі стратегиялық басымдықтың бірі ретінде көрсетіліп отыр. Бұл университеттерді, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, ғалымдардың жағдайын жасау – Үкімет жұмысының бір бағыты ғана емес, мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілді деген сөз.
– Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіресе, ғылыми ортаның жасарып келе жатқаны қуантады. Отандық ғалымдардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған. Ұрпақтар сабақтастығы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде ғылымның заман талабына сай болуына мүмкіндік береді. Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын. Әйтсе де халықаралық тәжірибемен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, «толайым табысқа жетті» деп айтудан аулақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдында ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – анағұрлым тиімді ғылыми орта қалыптастыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріспен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен, – деді Мемлекет басшысы.
