Соңғы жылдары Шымкент қаласы ел экономикасындағы стратегиялық маңызы бар мегаполис ретінде айқындала түсті. Индустрия, инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі саясаттың нәтижесі 2025 жылдың қаңтар–қараша айларындағы негізгі экономикалық көрсеткіштерден анық байқалады. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов брифинг барысында мәлімдеп, 11 айда атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады.
Экономикалық өсімнің басты драйвері саналатын өнеркәсіп саласында Шымкент тұрақты даму траекториясын сақтап отыр. Қалада бүгінде 808 өнеркәсіп кәсіпорны белсенді жұмыс істейді. Оның 710-ының өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болуы Шымкент экономикасының шикізаттық емес секторға бет бұрғанын аңғартады.
2025 жылдың 11 айында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 362,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша қала республика өңірлері арасында 5-орынға тұрақтаған.
Ал өңдеу өнеркәсібінің үлесі ерекше назар аудартады. Аталған салада 1 218,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 115,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Шымкентті өңірлер арасында 3-орынға шығарды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай нәтиже өндірісті әртараптандыру мен технологиялық жаңғырту саясатының жемісі. Негізгі өсім химия, машина жасау, тамақ өнімдері мен сусындар өндірісі, қағаз және пластмасса бұйымдары салаларында байқалып отыр. Бұл бағыттар ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді.
