6 Желтоқсан, 2025. 18:11
Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

«AQ-DALA» МАҚТАШЫЛАР ФЕСТИВАЛІ – ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫНЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Түркістан облысы, Отырар ауданында Дүниежүзілік мақта күніне орай ерекше ауқымда өткен «AQ-DALA» мақташылар фестивалі биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылының» басты оқиғаларының біріне айналды. Бұл фестиваль ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін дәріптеу, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және өңірдің ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара мақта шаруашылығының даму тарихын, оның қазіргі инновациялық бағыттарын кеңінен насихаттап, еңбек адамдарының қоғам мен экономиканың дамуына қосып жатқан зор үлесін айқын көрсетті. Фестиваль алаңында ауыл шаруашылығы техникасы мен жаңа агротехнологиялар көрмесі ұйымдастырылып, өңір диқандарының, механизаторлары мен жас мамандарының еңбегі лайықты түрде атап өтілді.

Фестивальге арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров еңбек адамдарына ерекше алғысын білдіріп, өңір шаруаларының табысты еңбегі – ел экономикасының қуатты тірегі екенін атап өтті.

📌 «Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл тек атаулы жыл емес, еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі. Ауылда күннің ыстығында, судың тапшылығында тер төгіп жүрген мақташылар, комбайншылар, механизаторлар, инженерлер – өңіріміздің ең басты байлығы. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Түркістан облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан “ақ алтынмен” танылып отыр. Мақта шаруашылығы – тек экономикалық табыс көзі ғана емес, ол – ұлттың еңбек мәдениетін қалыптастыратын мектеп. Сондықтан біз еңбек адамдарына жағдай жасап, олардың тұрмысын жақсартуды басты міндетіміз деп білеміз», – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған негізгі бағыттарға тоқталып, ауыл шаруашылығын жаңа технологиялар негізінде дамытудың маңызын атап өтті.

Бүгінде Түркістан облысы мақта өндірісінің республикалық көшбасшысы болып отыр. Облыс көлемінде 144,5 мың гектар жерге мақта егілген, ал биылғы өнім көлемі 470 мың тоннадан асуы күтілуде. Бұл жетістік – егіс даласында күн сайын маңдай терін төгіп жүрген мыңдаған еңбеккерлердің қажырлы еңбегінің жемісі.

Фестиваль аясында облыстың үздік диқандары, агрономдары, механизаторлары және мақта тазалау зауыттарының мамандары марапатталып, «Жұмысшы мамандықтар жылының» қағидаты – еңбек қадірін көтеру – нақты іске асырылды.

Биыл Түркістан облысында 5 ірі мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жобалардың жалпы қуаттылығы жылына 193 мың тоннаны құрайды. Кластерлер толық іске қосылғанда 7 мыңнан астам жаңа жұмысшы мамандық иелері тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жастардың ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге деген қызығушылығын арттырады.

Мақта кластерлерінің бір бөлігі Отырар ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асырылуда. Мұнда 32 мың гектар алқапқа заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, еңбек өнімділігі 2-3 есеге артты. Бұрын шаруалар 1 гектардан орта есеппен 25 центнер өнім алса, жаңа технология арқылы 60 центнерден астам өнім жинауға мүмкіндік туды. Бұл – ауылдағы әр еңбек адамының табысын бірнеше есеге арттыратын нақты нәтиже.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да зор. Су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызы субсидияланады. Соның арқасында биылғы жылы жоспарланған 27 мың гектардың орнына 59 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Нәтижесінде 150 миллион текше метрден астам су үнемделіп, экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімділік артты.

Фестиваль аясында еңбек адамдарының жетістігімен қатар, өңірдің индустриялық әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да таныстырылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында толық циклды тоқыма фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жіп иіру, мата өндіру, бояу және тігін өндірісі бойынша 8 фабрика жұмыс істемек. Бірінші фабрика – жіп иіру зауыты осы жылдың қараша айында іске қосылады. Оның жылдық қуаттылығы – 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр мата және 7 миллион жиынтық төсек орын өнімін өндіру. Бұл кәсіпорындарда тағы да жүздеген жұмысшы маман еңбек етеді.

Фестиваль барысында облыстың ауыл шаруашылығы саласының үздік өкілдері – диқан, механизатор, агроном, инженер және комбайншы мамандарға ҚР Мемлекеттік наградалары, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табыс етілді. Марапатталған еңбеккерлер өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды ауыл шаруашылығына, нақты еңбекке бет бұруға шақырды.

Жиналған жұртшылыққа арналған концерттік бағдарламада да еңбек адамдарының еңбегі, дала төсіндегі қажырлы тіршілік, «ақ алтынның» қадірі мен оның арқасында гүлденіп жатқан ауыл өмірі көрініс тапты.

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» еңбек адамдарының мәртебесін арттырып, әрбір саладағы нақты мамандардың қоғам дамуына қосып отырған үлесін тануға мүмкіндік берді. «AQ-DALA» фестивалі осы жылдың рухына сай, нақты еңбектің, адал істің мерекесіне айналды.

Түркістан облысында бүгінгі таңда ауыл шаруашылығымен қатар, жеңіл өнеркәсіп, тоқыма өндірісі, құрылыс және сервистік қызмет салаларында мыңдаған жұмысшы маман еңбек етуде. Олардың біліктілігін арттыру мақсатында өңірде арнайы «Мансап» және «Агро-Академия» жобалары іске қосылған. Бұл бастамалар жас мамандарға практикалық тәжірибе жинап, жұмысшы мамандықтар бойынша жаңа деңгейге көтерілуге жол ашады.

Ауылдағы әр тракторшы, комбайншы, мақта теруші, инженер мен механик – осы өңірдің болашағын қалыптастырып отырған тұлғалар. «AQ-DALA» фестивалі – сол еңбек иелеріне деген құрметтің, олардың маңызын қоғам алдында айқындаудың айқын үлгісі болды.

Фестиваль соңында Нұралхан Көшеров:
📌 «Біздің басты мақсатымыз – жұмысшы мамандықтардың абыройын көтеру, еңбек адамының тұрмысын жақсарту. Шын еңбектің қадірі бар жерде, береке де, бірлік те болады. Түркістан облысының мақта шаруашылығы – соның дәлелі. Бүгінгі фестиваль – еңбектің мерекесі, дала ерлерінің тойы», – деп қорытындылады.

Осылайша, Отырар жерінде өткен «AQ-DALA» фестивалі биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылының» жарқын үлгісіне айналып, еңбек адамдарына деген қоғамның құрметін тағы бір мәрте айқындады. Мақта алқабынан бастау алған маңдай тердің жемісі – өңірдің экономикалық өсімі мен елдің өркендеуінің кепілі екені тағы да дәлелденді.

Ұқсас жаңалықтар

Жаһандық басқару бастамасы: Ғаламдық қауіпсіздік пен әділдікті қалыптастыру жолында

admin

Бәйдібекте оқушылар арасында “Заң мен тәртіп” турнирі өтті

admin

САРЫАҒАШ: “УЛЫ ГАЗБЕН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ” ТАҚЫРЫБЫНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

admin

Пікір жазу