6 Желтоқсан, 2025. 13:54
Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

АУДАНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ АХУАЛ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Ордабасы ауданында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін зерделеу және өңірдегі ахуалды бағалау мақсатында кеңейтілген жиын өтті. Іс-шараға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов пен Ордабасы ауданының әкімі Азат Әбдіғалиұлы Оралбаев қатысып, аудан аумағындағы қоғамдық-саяси жағдайды талқылады. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, салалық басқарма және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – өңірде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау, тұрғындардың көңіл-күйіне әсер ететін факторларды талдау және алдын алу шараларын күшейту болып табылады. Жиын барысында биылғы жылдың басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижелері қаралып, қоғамдық-саяси жағдайдың жалпы динамикасы мен ақпараттық кеңістіктегі ахуал сарапталды.

Алғашқы баяндамаларда аудан аумағындағы ішкі саясат бағытында атқарылған жұмыстар, тұрғындармен кері байланыс орнату тетіктері, әлеуметтік желілерде таралатын ақпараттың мониторингі және жалған деректермен күрес бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімет берілді. Талдау нәтижелері бойынша, Ордабасы ауданындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деп бағаланды. Ауданда тіркелген оппозициялық саяси ұйымдар жоқ екені, сондай-ақ бейбіт жиналыстар өткізу туралы ресми хабарламалар түспегені мәлімделді.

Тұрғындар арасындағы әлеуметтік көңіл-күй көрсеткіштері тұрақты деңгейде сақталып отыр. Мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдары тарапынан халықпен жүйелі түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе жастармен, белсенді азаматтық қоғам өкілдерімен және түрлі әлеуметтік топтармен байланыс нығайтылған. Жергілікті атқарушы органдар халықтың мәселелеріне жедел әрекет ету механизмдерін күшейтіп, тұрғындардың өтініштеріне ашық әрі жедел жауап беруді қамтамасыз етуде.

Жиында сөз алған Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің мемлекет дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол ақпараттық қауіпсіздік пен әлеуметтік желідегі тәртіптің маңыздылығына тоқталып, жалған ақпарат тарату фактілерін болдырмау, қоғам арасында арандатушылық пікірлерді алдын алу бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың халықпен тікелей байланысын күшейтіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел шешуге назар аударуды жүктеді.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы күнделікті атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, Ордабасы ауданында қоғам белсенділері, ақсақалдар кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар және жастар бірлестіктерімен тұрақты түрде кездесу өткізіліп тұратынын жеткізді. Ол әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері де тұрақты бақылауда екенін, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, нақты нәтижелерге бағытталған жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Аудан басшысы мемлекеттік қызметкерлерге ақпараттық ашықтықты арттыру, халықтың сенімін күшейту және әрбір азаматтың мәселесіне жан-жақты мән беру қажеттігін ескертті.

Кездесу барысында ауылдық округ әкімдеріне өңірдегі жағдайды үнемі бақылауда ұстау, тұрғындармен үнемі кері байланыс орнату, қоғамдық орындарда тәртіп пен құқықтық мәдениетті сақтау бойынша ұсыныстар айтылды. Тиісті сала басшыларына халықтың әлеуметтік сұраныстарын дер кезінде тіркеп, жедел шешім қабылдау, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шараларды жалғастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, жастар арасында патриоттық сананы дамыту, қоғамдық белсенділікті арттыру, құқықтық тәрбие беру және интернет кеңістігінде ақпараттық мәдениетті қалыптастыру мәселелері де талқыланды. Аудандағы жастар ресурстық орталығының жұмысы, оқу орындары мен қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту міндеттелді.

Жиын қорытындысында мемлекеттік органдардың, құқық қорғау қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы құрылымдардың бірлескен жұмысы жалғасатыны айтылып, өңірде тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау – жалпы қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді. Аудан басшылығы алдағы уақытта да қоғамдық-саяси ахуалды тыңғылықты бақылауда ұстап, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Алматы хайуанаттар бағы рекорд орнатты

admin

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері «Медеу» спорт кешеніне барды

admin

Түркістанда Құтқарушылар күні аталып өтті

admin

Пікір жазу