Ордабасы ауданында балалардың құқығын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейтін маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осыған орай аудан орталығындағы Мәдениет үйінде Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының орындалу барысына және «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту, қоғамдағы тәртіп пен құқықтық мәдениетті нығайту.
Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов, құқық қорғау органдарының басшылары, салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, ауылдық округ әкімдері және білім беру мекемелерінің мамандары қатысты. Бұл басқосу — өңірдегі балалардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік құрылымдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмысының дәлелі.
Кеңес барысында алдымен облыс прокуратурасы тарапынан «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының негізгі қағидалары мен басым бағыттары түсіндірілді. Тұжырымдама аясында балаларды қоғамдағы түрлі қауіп-қатерден қорғау, олардың құқық бұзушылықтан, зорлық-зомбылықтан, киберқылмыстан, нашақорлықтан және басқа да әлеуметтік қауіптерден алдын ала сақтандыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері қамтылған.
Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы өз сөзінде балалардың амандығы мен қауіпсіздігі — мемлекеттің ең маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол аудан бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Білім беру мекемелеріне бейнебақылау жүйелерін орнату, мектеп жанындағы патрульдерді ұйымдастыру, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері назарда екенін айтты. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарына балаларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шараларды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Аудан прокуроры Абзал Қыдырбай құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар мен туындаған проблемалық бағыттарға тоқталды. Ол әсіресе интернет кеңістігіндегі қауіптерге, балалардың әлеуметтік желілер арқылы түрлі теріс әрекеттерге тартылуының алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында буллинг пен зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов өңірдегі жалпы жағдай туралы ақпарат беріп, аталған бағыттағы басым міндеттерді белгіледі. Ол аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын, мектептердегі құқықтық тәрбие жұмыстарын жандандыру, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол мектеп психологтарының жұмыс сапасын арттыру, қауіпке бейім жасөспірімдерді бақылауға алу және оларға қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиында аудандық полиция бөлімінің өкілдері де баяндамамен шығып, кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізу барысы туралы мәліметтер ұсынды. Олар оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу рейдтері жүргізіліп жатқанын, профилактикалық әңгімелер ұйымдастырылып, құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрақты қолға алынғанын жеткізді. Сонымен бірге, мектеп инспекторларының жұмысын жандандыру, қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын күшейту және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мобильді топтар құрылып, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.
Білім бөлімі мамандары балалардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Атап айтқанда, мектептерде түрлі үйірмелер, спорттық секциялар мен шығармашылық орталықтар жұмыс істейтіні, балаларды салауатты өмір салтына, мәдени және рухани құндылықтарға бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар, мектеп психологтарының қызметін күшейту, ата-аналармен тығыз байланыс орнату, балалар арасында ерте профилактика жүргізу қажеттілігіне тоқталды.
Жиын қорытындысында барлық қатысушыларға нақты міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүйелеу, балалардың интернет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен және қоғамдастықпен тығыз байланыс орнату бойынша тапсырмалар берілді. Облыстық және аудандық прокуратура тарапынан осы бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынатыны жеткізілді.
Сонымен қатар, мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздік стандарттарын сақтау, бейнебақылау жүйелерінің жұмысын қадағалау, киберқауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту, білім беру мекемелеріндегі кезекшілік қызметін жетілдіру және қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша педагогтарға қойылатын талаптар да нақтылады.
Жиын барысында құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдеріне, сондай-ақ білім саласы қызметкерлеріне «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында іске асырылатын іс-шаралар жоспары таныстырылып, алдағы кезеңдегі жұмыс бағыттары айқындалды.
Кездесу соңында мемлекеттік органдар мен жергілікті қоғамдастық бірлескен күш-жігер арқылы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге дайын екендіктерін білдірді. Іс-шара балалардың жарқын болашағын қамтамасыз етуге және олардың толыққанды әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін барлық жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болды.
