Ауданда нашақорлықпен күрес және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кешенді жұмыс жалғасуда. Осы бағыттағы жүйелі шаралардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында бүгін аудан әкімдігі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб пен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бірлескен мәжілісі өтті. Жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Мәжілісті аудан әкімінің орынбасары, штаб пен комиссия төрағасы Илияс Тұрнияз ашып, жүргізді. Өз сөзінде ол нашақорлықпен күрес және балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру және жастарды салауатты өмір салтына баулу мәселелерінің маңыздылығына тоқталды. Аталған бағытта аудан бойынша бірқатар алдын алу және ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқаны айтылып, осы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігі атап өтілді.
Бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Д. Жүрсінбаев баяндама жасады. Ол есірткі заттарын таратуға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, жыл басынан бері жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижелері туралы мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, аудан аумағында есірткіні насихаттайтын заңсыз граффити жазбаларды анықтау және жою бойынша арнайы мониторингтік топтар құрылып, жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде бірқатар нысандардағы күдік тудыратын жазбалар анықталып, олар дер кезінде жойылған. Сонымен бірге, жастар мен тұрғындар арасында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында профилактикалық әңгімелер, түсіндіру жұмыстары және кездесулер өткізілгені айтылды.
Д. Жүрсінбаев өз баяндамасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды одан әрі жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарын білдіріп, алдағы кезеңде қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде есірткі жарнамасына қарсы жұмыстарды күшейту жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардан деректер түскен жағдайда жедел әрекет ету және тиісті органдармен өзара іс-қимылды нығайту қажеттігіне назар аударды.
Келесі хабарламаны «Жастар орталығы» КММ директоры Әсел Баймаханова жасады. Ол жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу, спорттық және мәдени-танымдық шаралар ұйымдастыру, тұлғалық дамуды қолдау бағытындағы жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен аудан мектептері мен колледждерінде ақпараттық кездесулер, тренингтер, дәрістер және спорттық турнирлер өткізілгені айтылды. Сонымен қатар, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыратын челлендждер мен акциялар жүзеге асырылған. Ә. Баймаханова жас буынды әлеуметтік белсенділікке тартуда мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мәжілістің келесі бөлімінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Бұл бағыт бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева баяндама жасап, оқу орындарындағы тәрбие жұмысының жай-күйі және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, оқу орындарында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңестер тұрақты жұмыс істейді, психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жұмысы күшейтілген. Сондай-ақ, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт және шығармашылық үйірмелерге тарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Баяндамашы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ата-аналармен тығыз байланыс орнату қажет екенін атап өтіп, мектеп инспекторларының қызметі бойынша ақпарат ұсынды. Әсіресе интернет кеңістігіндегі қауіптер туралы түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылған. Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздік ережелерін сақтау және кибербуллингтің алдын алу бойынша тренингтер өткізіліп келеді.
Полиция өкілі Д. Жүрсінбаев кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне байланысты қосымша ақпарат беріп, түнгі рейдтердің нәтижелерімен бөлісті. Ол ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарының жалғасатынын айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз есірткі қылмысына қарсы күресті және балалар құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Ол мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындармен өзара іс-қимылды нығайту, ақпараттық жұмысты күшейту, профилактикалық іс-шараларды кешенді ұйымдастырудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына әлеуметтік желілердегі күмәнді ақпараттарды бақылауды жалғастырып, дер кезінде шара қолдануды жүктеді.
Мәжіліс қорытындысында тиісті мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, бірқатар ұсыныстар қабылданды. Алдағы уақытта аудан аумағында нашақорлықтың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жалғасатын болады.
