Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

ОРДАБАСЫ: АУДАНДА ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 Ордабасы ауданы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев төрағалық етіп, құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала өкілдері қатысты.

Комиссия отырысында аудан аумағындағы құқықтық ахуал мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Күн тәртібінде алаяқтық қылмыстардың профилактикасы, экологиялық заңбұзушылықтардың алдын алу, табиғатты қорғау іс-шаралары, браконьерлікке қарсы күрес, интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттердің жолын кесу мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді алдын алу шараларының орындалу барысы жан-жақты сараланды.

Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы Нүркен Сарыпбеков аудандағы криминогендік жағдай туралы баяндама жасап, әсіресе интернет алаяқтық фактілерінің артуына назар аударды. Ол құқықбұзушылықтың бұл түрінің алдын алу мақсатында аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, профилактикалық іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, полиция бөлімінің басшысы тұрғындарды өздерінің жеке деректерін қорғауға, күмәнді сілтемелер мен қаржылық ұсыныстарға назар аударып, сақ болуға шақырды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысхах өз баяндамасында ақпараттық қауіпсіздік және әлеуметтік желілердегі заңсыз әрекеттерге қарсы жұмыстардың барысын баяндады. Ол азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар, күмәнді ақпараттарды анықтау мен бұрмаланған ақпараттың таратылуына жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен интернеттегі алаяқтыққа қарсы ақпараттық түсіндіру қызметінің маңыздылығына тоқталды.

Шұбарсу ауыл округінің әкімі Әнуар Тұрсынбаев округ аумағындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап, әсіресе табиғатты қорғау және экологиялық мәселелерге назар аударды. Ол браконьерлікке қарсы күрес, заңсыз құрылыс пен жер пайдалану фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстардың міндетті түрде жалғасатынын жеткізді.

Талқылау барысында комиссия мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, құқықбұзушылық деңгейін төмендету, халықпен кері байланыс орнату, жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және тұрғындарды қауіпсіздік шараларына бейімдеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдеріне тұрғындармен кездесулер өткізіп, түсіндіру шараларын жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ол құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жоспарланған іс-шаралардың талапқа сай орындалуы қажеттігін қадап айтып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Аудан басшысы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, барлық жауапты құрылымдардан нәтижелі әрі тиімді жұмыс жүргізуді талап етті.

Комиссия жұмысы алдағы уақытта да жалғасып, аудан аумағында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Ұқсас жаңалықтар

Есірткіге қарсы иммунитет – жас ұрпақ санасында

admin

САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

admin

Елордада Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр

admin

Пікір жазу