Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

Түлкібас ауданында «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы таныстырылды

Түлкібас аудандық мәдениет үйінде «Қауіпсіз балалық шақ» жобасының таныстырылымы өтті. Жиында жобаның негізгі мақсаттары, міндеттері және іске асыру тетіктері кеңінен түсіндірілді. Инициатор әрі концепция авторы – Түркістан облысы прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов.

Іс-шараға Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, аудан прокуроры Ержан Қожабеков, аудан әкімдігі аппараты қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорлары, психологтар, округ және кент әкімдері, жастар өкілдері және бірқатар мекеме басшылары қатысты. Бұл жиын аудан көлемінде балалардың қауіпсіздігін арттыру, оқу-тәрбие процесінің тиімділігін күшейту және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында маңызды қадам болып саналады.

Жоба Түркістан облысында пилоттық форматта алғаш рет Сайрам ауданында жүзеге асырылып, оң нәтижелер көрсеткені атап өтілді. Сайрам ауданындағы тәжірибе барысында оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, мектеп ортаcында қауіпсіздік деңгейін күшейту, әлеуметтік- психологиялық қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағыттарында нақты қол жеткізулер болған.

Даулет Бекбашұлы Тлемисов жоба туралы толық ақпарат беріп, оның негізгі мазмұнына тоқталды. Ол білім беру мекемелерінде қауіпсіз орта қалыптастыру, балалардың құқықтарын қорғау, буллингтің алдын алу, Интернеттегі қауіпсіздік, заң бұзушылықтың алдын алу және ата-аналармен жұмыс жүргізу бағыттарының маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жобаны тиімді іске асыру үшін мектеп директорлары, психологтар және аудандық полиция бөлімімен тұрақты негізде бірлескен жиындар өткізіліп, оқушылармен кездесулер ұйымдастырылатыны мәлім болды.

Жобаны жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында жауапты тұлғаларды айқындау, оқу орындарында арнайы іс-шаралар жоспарлау, профилактикалық түсіндіру жұмыстары, пікірталас алаңдарын қалыптастыру, семинар-тренингтер және тәжірибелік шаралар өткізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, ақпараттық жұмыстарды күшейту, ата-аналар мен педагогтардың құзыретін арттыру, балаларға психологиялық көмек көрсету қызметін жетілдіру тапсырылды.

Жиын барысында аудан әкімі Асқар Естібаев сөз сөйлеп, «балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі» екенін атап өтті. Ол жобаны аудан көлемінде жүзеге асыруға толықтай қолдау білдіріп, барлық тиісті құрылымдарға жүйелі үйлестіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Түлкібас ауданының прокуроры Ержан Қожабеков та жоба аясында құқық қорғау органдарының атқаратын рөліне тоқталып, оқушылардың құқықтық тәрбиесін күшейту мәселесін ерекше назарға алатынын айтты.

Жиында қатысушылар жобаның мақсаттары мен механизмдері туралы сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Педагогтар мен психологтар балалардың мінез-құлық ерекшеліктері, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, білім беру ортасында жан-жақты қолдау көрсетудің маңызы туралы ұсыныстарын білдірді. Құқық қорғау органдарының өкілдері болса, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және мектептермен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Іс-шара қорытындысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл бастаманың маңыздылығы тағы бір мәрте атап өтілді. Аудан басшылығы мен жоба үйлестірушілері оқу орындарында қауіпсіздік талаптары мен нормативтерін жоғары деңгейде сақтау, оқушылардың әлеуметтік-психологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыратындарын жеткізді.

Алдағы уақытта Түлкібас ауданындағы барлық білім беру мекемелерінде «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру шаралары жүйелі түрде жүргізілмек. Жобаның табысты іске асуы облыс көлемінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және білім беру процесінің сапасын арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан өңірі — құқықтық тәртіп үлгісі: «нөлдік төзімділік» саясатының жемісі

admin

Ескерту: «Kaspi» атынан жалған ұсыныстар — алаяқтық!

admin

ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ПЕН НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – БАСТЫ МІНДЕТ

admin

Пікір жазу