Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған соң, бұл бастама ел бойынша кең қолдау тапты. Әсіресе Түркістан облысында еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрларды даярлау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігі мен облыстық басқармалар тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, өңірдегі барлық аудан-қалаларда түрлі форматтағы кездесулер, форумдар, жәрмеңкелер мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылуда.
Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, жастарды еңбекке баулу, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту – осы жылдың негізгі бағыттарының бірі. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 6 бағыт пен 60-тан астам іс-шараны қамтитын өңірлік жоспар бекітілді. Бағдарламаға жастарды кәсіптік бағдарлау, дуальды оқыту жүйесін дамыту, колледждер мен кәсіпорындардың өзара әріптестігін нығайту және бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру секілді нақты міндеттер енгізілді.
Бүгінде облыс бойынша 50 колледж жұмыс істейді, оның 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік. Бұл оқу орындарында 47 мыңнан астам студент білім алуда, оның ішінде 16 мыңнан астамы 38 түрлі жұмысшы мамандығы бойынша оқып жүр. Биылғы оқу жылында өңірге бөлінген 15 мыңнан астам мемлекеттік гранттың 9,5 мыңға жуығы, яғни 63 пайызы жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Бұл көрсеткіш жастардың нақты еңбек нарығына қажетті бағыттарды таңдауға мүмкіндік беріп отыр.
Колледж түлектерін жұмыспен қамту мақсатында облыс көлемінде көптеген жәрмеңкелер мен форумдар ұйымдастырылды. Солардың бірі – Түркістан қаласында өткен «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» атты форум. Бұл шара барысында колледж түлектері мен жұмыс берушілер арасында байланыс орнап, 40-тан астам кәсіпорын 1 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Осындай форматтағы кездесулер арқылы студенттер тек жұмыс табуға ғана емес, болашақта өз кәсібін ашуға да ынталануда.
Сарыағаш ауданында өткен «Жұмысшы мамандықтар жылы: жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» атты форум еңбек адамының мәртебесін көтеруге арналған маңызды іс-шаралардың бірі болды. Форум барысында аудан әкімдігі, колледж басшылары мен кәсіпкерлер жұмысшы мамандықтарын дамыту, жастарды техникалық бағыттарға тарту, оқу орындарының өндіріс орындарымен байланысын күшейту мәселелерін талқылады. Шара аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, кәсіптік оқу орындарының студенттері мен түлектері өз мамандықтары бойынша жұмыс табу мүмкіндігіне ие болды.
Кентау қаласының Қарнақ ауылында ұйымдастырылған «Ақ жол, студент!» іс-шарасы да осы бағыттағы игі бастамалардың жалғасы. Ауыл мектептерін бітірген 215 түлектің 95-і мемлекеттік грантқа ие болса, олардың 30 пайызы техникалық мамандықтарды таңдаған. Бұл ауылдық жастар арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Іс-шара барысында қатысушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, техникалық білім алудың артықшылықтары туралы кеңінен түсіндірілді.
Жетісай, Мақтаарал, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында да еңбек жәрмеңкелері мен мамандықтар фестивальдері өтті. Онда жергілікті колледж студенттері өз қолымен жасаған өнімдерін, техникалық жобаларын көпшілікке таныстырды. Кәсіпкерлер мен өндіріс өкілдері студенттермен тәжірибе алмасып, оқу орындарына тәжірибеден өтетін база ұсынды. Бұл жұмыстардың барлығы дуальды оқыту жүйесін дамытуға, яғни оқу мен өндірістің арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.
Облыстағы 35 колледж бүгінде 654 кәсіпорынмен әріптестік орнатқан. Осы келісімдер аясында студенттер оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтеді және оқуды тәмамдаған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Әсіресе индустриялық аймақтар мен ірі өндіріс орындары жұмысшы кадрларға деген сұранысты арттырып отыр. Мәселен, «Kazakhstan Lihua» серіктестігі 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ұсынып, колледж түлектерін тікелей жұмысқа қабылдау бойынша келісімдер жасаған.
Түркістан облысы еңбекке бағытталған жаңа жобаларды іске асыруда да көш бастап келеді. «MamandyqFest», «Junior Skills Turkistan», «One School – One Skill» және «Жұмысшының бір күні» сынды жобалар аясында мектеп оқушылары мен студенттер арасында кәсіптік бағдар беру, техникалық қабілеттерді дамыту, нақты мамандық иелерімен кездесулер өткізу дәстүрге айналды. Бұл жобалар жасөспірімдерге еңбекке құрметпен қарауды үйретіп, жұмысшы болудың да табысты әрі абыройлы жол екенін ұғындыруды көздейді.
Жұмысшы мамандықтарына арналған жыл аясында ақпараттық-насихаттық жұмыстар да күшейтілген. Облыстық білім басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп, ауылдық жерлерде жиындар, кездесулер ұйымдастыруда. Мақсат – ата-аналар мен оқушыларға техникалық білімнің маңызын түсіндіру, кәсіптік оқу орындарына түсу жолдарын көрсету. Әсіресе, ауылдық жастарды өндіріс саласына тарту – басты міндеттердің бірі болып отыр.
Сонымен қатар, жастарды еңбекке баулу және кәсіби дағдыларын жетілдіру бағытында түрлі байқаулар мен марапаттау рәсімдері өткізіліп келеді. Үздік ұстаздар мен колледж оқытушылары арнайы алғыс хаттармен, марапаттармен ынталандырылуда. Бұл бастама білім беру жүйесінде еңбек адамына деген құрметті күшейтеді.
Мемлекеттік тапсырыстар мен гранттар көлемінің артуы жұмысшы мамандықтарына жаңа серпін беріп отыр. Облыстағы көптеген колледждер материалдық-техникалық базасын жаңартып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Жаңа мамандықтар ашылып, өндірістік оқыту кабинеттері жаңартылып келеді. Бұл өз кезегінде студенттердің заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру тек білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Еңбек адамының еңбегін дәріптеу, жастарды адал еңбекке баулу – елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының кепілі. Осы тұрғыда Түркістан облысында атқарылып жатқан шаралар еңбекке құрметті қайта жаңғыртып, жастардың болашағына бағыт-бағдар беріп отыр.
Қорыта айтқанда, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы жұмыстар Түркістан облысында кең көлемде жалғасуда. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – қоғамда еңбек адамының беделін арттыру, жастарға нақты кәсіп игерудің маңызын түсіндіру және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру. Жұмысшы мамандықтарын дамыту арқылы облыс жаңа жұмыс орындарын ашып, еңбек нарығын тұрақтандырып келеді. Ал еңбекқор жастардың табысты болашағы – Түркістан облысының дамуының кепілі.
