Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

«Жұмысшы мамандықтар жылы»: Қарнақ ауылында «Ақ жол, студент!» іс-шарасы өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасы еліміздің түкпір-түкпірінде жастарды еңбекке, білімге және нақты кәсіби бағытқа ынталандыратын игі істердің бастамасына айналды. Осыған орай Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Ақ жол, студент!» атты салтанатты іс-шара өтті.

Аталған жиын ауыл жастарының өміріндегі маңызды сәттердің бірі – мектепті тәмамдап, жоғары оқу орындары мен колледждерге аттанған түлектерге құрмет көрсетуге арналды. Сонымен қатар бұл іс-шара ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылының» негізгі мақсаттарын қолдап, жастар арасында техникалық және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруды көздейді.

Іс-шараға Қарнақ ауылдық әкімдігі, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылығы, этномәдени бірлестік өкілдері, Кентау қалалық мәслихатының депутаттары, мектеп директорлары мен ұстаздар, ата-аналар және биыл мемлекеттік грант иеленген мектеп түлектері қатысты.

Шара барысында түлектерге жылы лебіздер айтылып, жастардың білім жолындағы жаңа кезеңіне сәттілік тіленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қарнақ ауылындағы бес мектепті биыл барлығы 215 оқушы аяқтаған. Оның ішінде 95 түлек мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, жоғары және арнаулы оқу орындарына қабылданған. Бұл көрсеткіш ауыл жастарының білімге деген талпынысының, ұстаздардың қажырлы еңбегінің айқын дәлелі саналады.

Айта кетерлігі, мемлекеттік грант иегерлерінің 30 пайыздан астамы техникалық және жұмысшы мамандықтарды таңдаған. Бұл – қазіргі еңбек нарығының сұранысына сай, жастардың кәсіби бағытта саналы шешім қабылдап келе жатқанын білдіреді.

Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов сөз алып, Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасының маңыздылығына тоқталды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, биыл еліміз бойынша техникалық және жұмысшы мамандық иелерін даярлауға айрықша көңіл бөлінуде. Тек Түркістан облысының өзінде биыл бөлінген 15 мыңнан астам гранттың 9500-і, яғни 63,3 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған. Бұл – еңбек адамына көрсетілген зор құрмет пен ел экономикасын нақты салаларда ілгерілетудің нақты қадамы», – деді Ерназар Баетов өз сөзінде.

Жиынға қатысқан Кентау қалалық мәслихатының депутаты, Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бекзат Хабибов түлектерге ізгі тілегін білдіріп, олардың жаңа өмірге қадам басқан сәтінде демеу болу мақсатында сый-сыяпаттар табыстады. Ол өз сөзінде жастарды туған жердің дамуына үлес қосуға, білім мен еңбек арқылы ел игілігіне қызмет етуге шақырды.

Іс-шара барысында ауыл ақсақалдары да сөз алып, жас түлектерге батасын берді. Олар жастарды ата-ананы құрметтеуге, адал еңбек етуге, алған білімін ел игілігіне жұмсауға шақырып, сәттілік тіледі.

Бүгінде Түркістан облысы бойынша 50 колледж жұмыс істейді. Оның 28-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік білім беру ұйымдары. Колледждердің басым бөлігі көпсалалы мамандар даярлауға бағытталған. Қазіргі таңда 75 түрлі мамандық бойынша 45 530 студент білім алуда. Оның ішінде 32 383 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде оқып жатыр. Бұл көрсеткіш облыстың кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы жоғары қамтылу деңгейін көрсетеді.

Өңірде еңбек нарығына аса қажет жұмысшы мамандықтарды даярлау ісі 30 колледжде жүзеге асырылады. Онда 16 553 студент білім алуда. Мемлекет тарапынан 2025 жылы техникалық және жұмысшы мамандықтарына ерекше басымдық беріліп, қосымша 450 грант мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында қарастырылған. Бұл – жастарды нақты кәсіпке баулуға және оларды өндіріс орындарына 100 пайыз жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Кәсіптік білім беру саласындағы мұндай кешенді шаралар елдің индустриялық дамуын, еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, қоғамда еңбек адамына құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Қарнақ ауылында өткен «Ақ жол, студент!» іс-шарасы – жастарды қолдау мен жігерлендірудің жарқын үлгісі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер түлектерге тек рухани серпін беріп қана қоймай, олардың еңбекке деген қызығушылығын арттырады.

Жиын соңында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиеваның атынан бірқатар үздік ұстаздарға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Білім саласында елеулі еңбегімен көзге түскен педагогтарға көрсетілген құрмет – ұстаз еңбегіне берілген әділ баға болды.

Іс-шараның көрінісі ауыл тұрғындары үшін үлкен мерекеге айналды. Шара барысында түлектер ән айтып, өздерінің армандары мен алдағы мақсаттары туралы бөлісті. Ата-аналар балаларының жетістігіне қуанып, ұстаздарға алғыс білдірді. Ал ауыл қариялары дәстүрге сай жастарға ақ батасын беріп, «Жолдарың ақ болсын, ел үмітін ақтаңдар!» деген ізгі тілегін білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақпараттық-насихаттық топтар аудан, қала тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Бұл кездесулерде мамандар жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан білім гранттары, кәсіптік оқыту бағдарламалары және әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары жастарға өз болашағын дұрыс жоспарлауға, еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандық таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қоғамда еңбек адамының бейнесін дәріптеп, «жұмысшы мамандығы – табысты өмірдің кепілі» деген түсінікті орнықтырады.

Қарнақ ауылындағы «Ақ жол, студент!» іс-шарасы – Ел Президентінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жұмысшы мамандықтар жылының» өңірлік деңгейдегі нақты көрінісі. Бұл – ел болашағының тірегі саналатын жастарды қолдау, олардың өмір жолындағы алғашқы қадамына бағыт-бағдар беру, ең бастысы – еңбек пен білімге құрмет сезімін қалыптастырудың айқын үлгісі.

Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің иесі. Сол себепті олардың сапалы білім алып, еңбекқор, жауапты әрі отаншыл азамат болып қалыптасуы мемлекеттің басты назарында. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қолға алынған осындай шаралар арқылы ел болашағы үшін аянбай еңбек ететін жаңа буын мамандар өсіп келеді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДЫҚ СТУДЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «AGROLEAGUE – 2025» БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

admin

Боран, көктайғақ: Астана қаласы ТЖД ескерту жасады

admin

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT құрылысының барысымен танысты

admin

Пікір жазу