6 Желтоқсан, 2025. 18:37
Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

САРЫАҒАШ: ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сарыағаш ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, дербес бөлімдердің басшылары, Сарыағаш қаласы мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі және келешекте атқарылатын шаралар талқыланды. Аудан басшысы отырысты аша отырып, құқық бұзушылықтың кез келген түріне «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Ол құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Алғашқы мәселе бойынша Сарыағаш аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Азамат Диханбаев баяндама жасап, көші-қон саласында жиі кездесетін заң бұзушылық түрлеріне тоқталды. Оның айтуынша, шетелдік азаматтардың тіркеу ережелерін бұзу, визалық режим талаптарын сақтамау және заңсыз еңбек қызметімен айналысу фактілері бойынша алдын алу шаралары күшейтілген. Полиция қызметкерлері тарапынан тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастырылып, әкімшілік хаттамалар толтырылып келеді.
Баяндама барысында қала және ауылдық округ әкімдері де өз аумақтарындағы көші-қон процестері мен профилактикалық жұмыстар туралы ақпарат берді. Әкімдер миграциялық ахуалды бақылауда ұстау және заңсыз көші-қон деректерінің алдын алу бағытында құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың жалғасатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларына арналды. Бұл бағыттағы ақпаратты Сарыағаш аудандық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Ерлан Тұяқов және аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Тұрсынбаев ұсынды.
Баяндамашылар соңғы уақытта ауданда жол-көлік оқиғаларының азайғанын атап өтті. Дегенмен, адам өліміне алып келген кейбір апаттардың тіркелуі жол қозғалысы ережелерін сақтау, жүргізушілердің мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсетіп отыр. Осы мақсатта мектептер мен ұйымдарда түсіндіру кездесулері, «Жаяу жүргінші», «Қауіпсіз жол» секілді акциялар өткізілуде. Сонымен қатар, жол белгілерін орнату, жарықтандыру жүйесін жетілдіру, қауіпті аймақтарды бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
Отырыста талқыланған келесі мәселе — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы және отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар. Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасыны қолдау орталығы» КММ директоры Марат Тарахтиев баяндама жасап, орталықтың жыл басынан бері атқарған профилактикалық жұмыстары туралы мәлімет берді.
Орталық мамандары құқық қорғау органдарымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Комиссия мүшелері талқылау барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін мектептерде, колледждерде және ауылдық округтерде жүйелі ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын көбейту қажеттігін айтты. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы агрессия мен тәртіп бұзушылықтың алдын алу бағытында ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізу керектігіне назар аударылды.
Жиын соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев барлық жауапты органдар мен мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Әкім құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау құрылымдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғам мүшелерінің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын жүйелі түрде орындау қажеттігіне тоқталды.
Аудан басшысы әрбір атқарылған іс нақты нәтиже беруге бағытталуы тиіс екенін ескертіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін атап өтті. Комиссия отырысында көтерілген ұсыныстар мен тапсырмалардың орындалу барысы тұрақты бақылауға алынатын болады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТІГІЛГЕН СӘУКЕЛЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНДІ

admin

Түркістанда полиция қоғамдық орынды ластау мен абаттандыру талаптарын бұзудың 8 мыңнан астам жайтының алдын алды

admin

Алматыда Ұлттық құрылтай бастамаларын іске асыру талқыланды

admin

Пікір жазу