Қоғамның даму деңгейі ең алдымен оның заңға құрметімен, тәртіпке бағынуымен және азаматтарының саналы әрекетімен өлшенеді.
Мемлекет мызғымас болуы үшін оның іргетасы әділет пен мәдениетке негізделуі керек. Тәртіпсіз қоғам ешқашан өркендемейді, ал заң үстемдік құрған елде ғана тұрақтылық пен сенім орнайды.
Бүгінгі таңда әлем күрделі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Жаһандану дәуірінде технология дамып, ақпарат кеңістігі кеңейді. Бірақ сонымен қатар адамгершілік пен мәдениетті сақтау, заңға мойынсұну және ұлт бірлігін сақтау – кез келген мемлекеттің ең басты міндеті болып қала береді.
Әділетті мемлекет құру жолында заң мен тәртіптің орны ерекше. «Заң және тәртіп» қағидасы – елдің ішкі тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты тетік. Мемлекет басшысы атап өткендей, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу, заңды бәрінен жоғары қою – өркениетті қоғамның басты шарты.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтар мен әдепсіз әрекеттер жиі кездеседі. Жол ережесін елемеу, қоғамдық орында шу шығару, дөрекі сөйлеу сияқты көріністер кейде қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Мұндай мінез – мәдениетті елдің азаматтарына жараспайды. Әсіресе, әйелдер мен жастардың қоғамдық тәртіпті бұзуы ұлт болмысына көлеңке түсіреді.
Біз мұндай теріс қылықтардан арылуымыз керек. Әрбір азамат өз әрекетіне жауап беріп, қоғам алдындағы мәдениетті мінез-құлқымен үлгі көрсетуі тиіс. Ұлы Абай: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген. Бұл сөздің мәні терең – өзара сыйластық пен татулық болмаса, ешқандай даму болмайды.
Мәдениет – ұлттың жаны, елдің айнасы.
Қоғамдық мәдениет отбасынан басталады. Әдептілік, ізеттілік, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу сияқты қасиеттер әрбір адамның бойында қалыптасуы керек. Өкінішке қарай, қазіргі заманда әлеуметтік желілерде дөрекі сөйлесу, балағат сөз айту, өзара кикілжіңге бару жиі кездеседі. Бұл – ұлттық тәрбиемізге жат, адамгершілікке қайшы әрекет.
Мәдениетті адам – тәртіпті адам. Ал тәртіп – заңға бағыну.
Егер әрбір азамат өзінің мәдени деңгейін арттырса, қоғамдағы көптеген мәселе өздігінен шешілер еді.
Еліміздің ең басты байлығы – бейбітшілік пен тұрақтылық.
Қандай жетістікке жетсек те, ол ел ішіндегі тыныштықтың арқасы. Егемендік пен жер тұтастығын сақтау үшін халқымыздың бірлігі бекем болуы шарт.
Қазақ халқы ежелден-ақ бірлікке, татулыққа, бауырмалдыққа ерекше мән берген. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақылдың мәні қашан да өзекті.
Бүгінгі таңда ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтау – әр азаматтың парызы. Ел тыныштығын сақтау дегеніміз – заңға бағыну, бір-бірін құрметтеу, қоғамдағы әділдік пен тәртіпті қолдау. Егер халық өз мемлекетінің бейбіт болашағын ойласа, ешқандай қиындық жеңілмейді.
Қазіргі жастар үшін патриотизм ұғымы бұрынғыдан өзгеше сипатқа ие бола бастады. Бұрын ол дәстүрлі құндылықтар – тіл, тарих, руханиятпен байланысты болса, енді патриотизм – жаңашылдық пен жасампаздыққа ұмтылыс ретінде көрініс табуда.
Жас ұрпақ елін сүюді сөзбен емес, іспен дәлелдеуді қалайды.
Олар үшін отансүйгіштік – халыққа пайда әкелетін жаңалық ашу, қоғамды жақсартуға үлес қосу, жаңа технологияларды игеру.
Осындай ұстаным – жаңа заманның патриотизмін қалыптастырады.
Қазақстанның болашағы – білімді, жаңашыл, бәсекеге қабілетті жастардың қолында. Олар елдің дамуына серпін беретін басты күшке айналып отыр.
Бүгінгі әлемде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, ғылыми-инновациялық жаңалықтар қоғам өмірінің барлық саласына еніп жатыр.
Сондықтан жаңа дәуірдің талабына сай болу үшін жастардың ғылым мен білімге ұмтылысы өте маңызды.
Хакім Абай: «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген. Бұл сөз – мәңгілік құндылық.
Нағыз өркениетті қоғам – ғылым мен білімге сүйенетін, әділ заңға бағынатын, мәдениеті биік қоғам.
Бүгінде мемлекет жастарға барынша қолдау көрсетіп отыр. Білім, инновация және цифрлық даму саласындағы бағдарламалар – елдің болашағына салынған инвестиция.
Жастар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елдің дамуына нақты үлес қосуы керек.
Әділ заң, білікті билік, саналы азамат – мықты мемлекеттің үш тірегі
Мықты мемлекет құру үшін ең алдымен үш нәрсе қажет:
әділ заң, білікті билік, саналы азамат.
Егер заң әділ болса – халық сенеді,
билік білікті болса – ел дамиды,
азамат саналы болса – қоғам өркендейді.
Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешім халықтың тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік әділдікті орнатуға, экономиканы тұрақтандыруға бағытталуы тиіс.
Сонда ғана біз жаңа сападағы, қуатты және өркениетті мемлекетке айналамыз.
Бүгінгі Қазақстан – жаңару мен даму жолында.
Әр салада реформалар жүзеге асуда, қоғам санасы жаңарып келеді.
Біздің мақсатымыз – заңға құрметпен қарайтын, мәдениеті жоғары, патриотты және жаңашыл ұлт қалыптастыру.
Әділетті қоғам мен жаңашыл ұрпақ – мықты мемлекеттің кепілі.
Егер заң үстемдік етіп, тәртіп сақталса – ел тыныш, қоғам тұрақты болады.
Бірлігі бекем, білімі терең, мәдениеті жоғары елдің болашағы әрдайым жарқын!